Ұлт мәдениеті мен әдебиетінің, білім мен ғылымның туын көтерген ағартушы ғалым, жұртшылықтың санасына демократиялық ой сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған Алаш зиялыларының бірі, публицист, ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына (1872-1937) 152 жыл толды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіреді. Сол жылы Орынбор мұғалімдер мектебіне оқуға қабылданып, 1895 жылы Педагогикалық кеңесінің шешімімен «бастауыш училищенің оқытушысы» деген атақ беріледі. 1896-1901 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектепте, екі сыныптық училищеде оқытушылық қызмет атқарады. 1902-1904 ж.ж. Омбыда Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымын атқара жүріп, бұратана ұлтының санасын ояту мақсатында И.Крыловтың мысалдарын аударады.
1905 жылы қазақ оқығандарымен бірге Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, тарихта белгілі Қарқаралы құзырхатын (петициясын) жазады. 1905-1908 ж.ж. Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы әрі меңгерушісі болып, екі міндетті қатар атқарады. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалады. 1910 жылы 9-наурызда Орынборға жер аударылады. 1911 жылы «Маса» өлеңдер жинағы жарияланып, «Қырық мысал» кітабы екінші рет басылым көреді. Осы жылы «Айқап» журналында «Қазақ һәм түрлі мәселелер», «Қазақтың өкпесі», «Қазақ жерін алу турасындағы низамдар, бұйрықтар», «Закон жобасының баяндамасы», «Тағы да народный сот хақында», «Жер жайынан», «Жазу тәртібі», «Кітаптар жайынан», «Бастауыш мектеп» т.б. өзекті мақалалары жарияланады.
1912 жылы Қазақ әліпбиін (төте) түрлеп, қолданысқа ұсынады. Осы жылы «Оқу құралы» қазақша әліппесінің бірінші кітабы шығады. «Айқап» журналында «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Шәйзіман мырзаға», «Қазақ һәм төртінші Дума» мақалалары жарияланады. «Шора» журналында «Қазақша сөз жазушыларға», «Қазақ» газетінде «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Шаруа жайынан», «Жер жалдау жайынан», «Земство», «Білім жарысы», «Оқу жайы» т.б. келелі мақалалары басылады. 1913-1918 жылдары қырғыз атанған жұртының атауын қайта жаңғыртып, «Қазақ» газетін шығарды. Газеттің ұйымдастырушысы әрі бас сарапшысы қызметін атқарады.
«Қазақ» газеті либералдық-демократиялық бағыттағы идеяларды білдірді. Тұтас алғанда қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуымен таныстыра білген «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының дауысына айналды. Осы тұста әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін әкімшілік А.Байтұрсынұлына бірнеше мәрте (1914-1915) айыппұл төлетеді, кейіннен абақтыға қамайды.
1918-1919 жылдары Байтұрсынұлы «Алаш» партиясының жетекшісі, «Алашорда» үкіметінің жетекшілерінің бірі әрі оқулықтар жазу жөніндегі Комиссиясының құрамында қызмет етеді. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында І-ші жалпықазақтың съезде Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов «Тәуелсіз автономия» құру идеясын ұсынды. І жалпықазақтың съездің қортындасында «Алаш» ұлттық саяси партиясы құрылды.
А.Байтұрсынұлы 1920-1922 жылдары Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы қызметін атқарады. Халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың (Академцентр) тұңғыш төрағасы ретінде Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалады. 1922-1925 ж.ж. Қазақ Халық ағарту Комиссариаты жанындагы Ғылыми-әдеби комиссиясының төрағасы, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының құрметті төрағасы болады. 1925-1928 ж.ж. Қазақ елінің екінші астанасы болған Қызылорда қаласында тұрады, әрі ұлт жұмысының көшбасында болады. 1928 жылы қыркүйекте Алматы Қазақ мемлекеттік университетіне профессор лауазымымен қызметке кіреді.
1931 жылы РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының ең ауыр тармағы бойынша ату жазасына кесіледі, бірақ үкім қайта қаралып, 10 жылға бас бостандығынан айырылып, екінші рет жер аударылады. 1931-1933 ж.ж. Беломор-Каналда айдауда болады. Жыл соңында Ресейдің Кривошеин ауданына қарасты Жуково елді мекеніне тұрақтауға рұқсат алып, осында әйелімен жылға жуық тұрады. Осы жылы 28 қаңтарда жерлестері «Сарыарқа самалы» басылымында «Жауға түскен жан сөзі», «Қарқаралы қаласына», «Жұртыма» өлеңдерін жариялайды. 1934 жылы «Қызыл крест» қоғамының араласуымен түрмеден босатылып, Алматыға келеді. Осы жылы «Қазақ тілі грамматикасының тарихы» атты ғылыми еңбек жазуды бастайды. 1934 жылы 16 желтоқсанда Орталық мұражайға кеңесшілік жүмысқа тұрады, мұнда 1936 жылдың 21 кыркүйегіне дейін істейді. Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп, 1937 жылы 8 желтоқсанда атылды.