Германияда ұйымдасқан қылмыстық топтар бойынша істердің саны он жыл ішінде екінші ең жоғары көрсеткішке жетті. Қылмыстық топтардың келтірген залалының көлемі екі есе өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Германияда ұйымдасқан қылмыстың ауқымы жоғары деңгейде қалып отыр. 2023 жылы қылмыстық топтардың қызметін тергеу жөніндегі істердің саны сәл ұлғайып, 642-ге жетті (бір жыл бұрын-639). Бұл соңғы он жылдағы екінші ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар, 2023 жылы әртүрлі ұйымдасқан қылмыстық топтар келтірген залал бұрынғыдан да жоғары болды. Ол 2,7 миллиард еуроға бағаланады - бұл өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам және өткен онжылдықтағы орташа көрсеткіштен үш есеге жуық. 2021 жылы шығын 2,2 миллиард еуроны құрады.
Ең үлкен залал -киберқылмыс саласында
Есепке сәйкес, ең үлкен залал, бұрынғыдай, киберқылмыс саласында тіркелді. Мұнда шығын 1,7 миллиард еуроны құрады. Былтыр 588 миллион еуро болған. Істердің көпшілігі компьютерлерге зиянды бағдарламаларды орнатумен байланысты, оларды жою үшін алаяқтар төлем талап еткен. Қылмыскерлер осыдан миллиард еуроға жуық ақша тапқан. Оның тек 83 миллион еуросы қайтарылған. .
Бұдан бөлек салық және кеден саласында, есірткі саудасында, контрабандалық адам тасымалдауда қылмыстық топтар әрекет еткен.
2023 жылы 7347 күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілген. Оның 32,5 пайызын Германияның өз азаматтары , ал 57,8 пайызын шетелдіктер құрайды.