Республикалық партиянвң АҚШ президенттігіне кандидаты Дональд Трамп бәсекелестері, қазіргі президент Джо Байден мен кандидат әрі вице-президент Камала Харристің риторикасы өзінің өміріне қастандық жасалуына себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Трамп Fox News-ке берген сұхбатында айтты.
ТРАМП: "ДЕМОКРАТТАРДЫҢ РИТОРИКАСЫ ҚАУІПТІ"
"Күдікті Байден мен Харристің риторикасына сеніп, соған сәйкес әрекет етті. Олар елді іштен де, сырттан да құртып жатқанда мен елді құтқаруға тырысып жүрсем де олардың сөздері мені атуына себеп болды", — деді Трамп.
ТРАМПҚА ЖАСАЛҒАН ЕКІНШІ ШАБУЫЛ
15 қыркүйекте Флоридадағы гольф клубта Дональд Трампқа екінші қастандық жасалған. Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, құпия қызмет қызметкерлері бұталарға тығылған сезікті біреуге оқ жаудырған. Алайда ол оқиға орнынан сытылып үлгерген. Күдікті жасырынған жерден оптикалық көрінісі бар АК-47 автоматы, екі рюкзак және GoPro экшн камерасы табылған. Ұзамай күдікті ұсталғаны хабарланды. Бұл оқиғаға қатысты тергеуді Федералды тергеу бюросы жүргізеді.
ПЕНСИЛЬВАНИЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАСТАНДЫҚ
Трампқа алғашқы шабуыл 13 шілдеде Пенсильвания штатында жасалған еді. Екі жағдай да 2024 жылғы 5 қарашадағы президент сайлауына қатысуға ниетті кандидаттың айналасында қауіпсіздік шараларының күшеюіне себеп болды.
Трамп Республикалық партияның өкілі, сайлаудағы оның демократтардан шыққан қарсыласы вице-президент Камала Харрис.