Абай облысындағы KAZ Minerals шахтасында жұмысшының үстіне тау үйіндісі құлап қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШАХТАДА БОЛҒАН ОҚИҒА
Жазатайым оқиға Абай облысындағы Орел шахтасында болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, шахтада тау-кен массасы құлаған. Кәсіпорынның екі қызметкері жарақат алды. Алған жарақаттарынан зардап шеккендердің бірі ауруханада қайтыс болды. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін екіншісі үйге жіберілген.
"Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда, қайғылы оқиғаны тергеуге арнайы комиссия құрылды", - деп хабарлады компания.
Компания қаза тапқан жұмысшының отбасына көмек көрсететінін жазған.
"KAZ Minerals Тобының басшылығы мен ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына шын жүректен және қайғыра көңіл айтады. Компания отбасына жан-жақты көмек көрсетеді", - деп хабарлады компания.
KAZ Minerals директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Орел шахтасына барған. Ол жазатайым оқиғаны тергеуге қатыспақ.
БҰЛ БІРІНШІ РЕТ ЕМЕС
Бұған дейін «Востокцветмет» шахтасындағы төрт кенші қаза болған еді. Оқыс жағдай 31 тамыз күні сағат 17:30-да болған. Алдын ала тараған ақпаратқа қарағанда, кеншілер белгісіз заттан уланып көз жұмған.
Кейін бірнеше күннен соң тағы бір кеншінің қазасы туралы белгілі болған.