Украинада шенеуніктерге, әскери және маңызды инфрақұрылым қызметкерлеріне Telegram желісін пайдалануға тыйым салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ ҮШІН
Euronews басылымының жазуынша, бұл шешімді Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі қабылдаған.
Украина қауіпсіздік қызметі мен қарулы күштердің бас штабы Telegram желісін Ресей "кибершабуылдар, зиянды бағдарламаларды тарату, пайдаланушылардың орналасқан жерін анықтау және зымырандық соққыларды дәлдеу үшін" пайдаланады деп мәлімдеді.
Шектеу тек желіні қызметтік міндеттерін орындау үшін пайдаланатын адамдар үшін ғана енгізілген. Басқа украиндықтар қолданбаны жеке құрылғыларында еркін пайдалана алады.
ЗЕЛЕНСКИЙ ҚОЛДАНАТЫН НЕГІЗГІ ЖЕЛІЛЕРДІҢ БІРІ
Euronews мәліметінше, Telegram мессенджері Украинада ресейлік әуе шабуылдары туралы ақпарат алмасу үшін кең қолданылады. Сондай-ақ Украина шенеуніктерінің, соның ішінде президент Владимир Зеленскийдің де халықпен қарым-қатынас жасау үшін қолданатын негізгі желілерінің бірі.
Еске салсақ, Telegram аккаунттарының деректері Францияның арнайы қызметтеріне беріле бастағанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Павел Дуров ұсталғаннан кейін Telegram модерация саясатын өзгерткен.