Үкіметте бүгін су тасқынының салдарымен күрес жұмыстарының есебін тыңдау басталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев отырыста соңғы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАНША ҮЙ ЗАРДАП ШЕКТІ
Шарлапаевтың айтуынша, су тасқыны еліміздің 10 облысында болған. Соның салдарынан 224 елдімекен, 17 603 тұрғын үй зардап шеккен. Барлық зардап шеккен ғимараттқа техникалық тексеру жүргізілген.
ҚАНША ҮЙ ЖӨНДЕЛДІ
Тексеру қорытындысы бойынша, 9156 үй жөндеу жұмыстарынан өткен. Ал 8447 үй қалпына келтіруге жатпайтын болып танылған. Нарықтан 5767 үй мен пәтер сатып алынған. 2680 жаңа үйдің құрылысы басталған. Жаңа тұрғын үй салу алаңдарын таңдау барысында оларды келешекте су басудан шектеу мақсатында жергілікті жердің рельефтері мен ландшафты ескерілген. Бүгінгі күнге 2 576 үйдің құрылысы аяқталды. Құрылыс жұмыстары мамыр айының соңында басталып, 4 ай ішінде аяқталған.
АХУАЛ ОРТАЛЫҒЫ
Құрылыс жұмыстарына цифрлық құралдар арқылы күнделікті мониторинг жүргізу мақсатында министрлік жанында Ахуалдық орталық құрылған. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау мақсатында әр өңірдегі құрылыс алаңдарына министрліктің және су тасқынынан зардап шекпеген өңірлердің қызметкерлері іссапарға жіберілген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік көмек» ақпараттық жүйесі залалды өтеу бойынша өтініштерді қабылдау және өңдеу процесін ұйымдастыруына елеулі үлесін қосқан. Ал Цифрлық даму министрлігі мобильді қосымшалар арқылы залалды өтеу өтінішін беруді қысқа уақытта ұйымдастырып, тиісті құжаттар болмаған жағдайдың өзінде өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН
Батыс Қазақстан облысында 823 үй тұрғызылған (Орал қаласы – 423, Қаратөбе ауданы – 90, Бөрлі ауданы – 60, Бәйтерек ауданы – 6, Теректі ауданы – 130, Сырым ауданы – 114). Облыстың шалғай аудандарында орналасқан елдімекендерде құрылыс жұмыстары толықтай қыркүйек басында аяқталған. Өңірдегі қалған 66 үйдің құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
ПЕТРОПАВЛДАҒЫ АХУАЛ
Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында 700 үй салынған. Өңірде алғаш рет темір-бетон конструкциядан жедел тұрғызылатын 300 үй салынған. Бұл – заманауи жылдам құрылыс технологиясы мен Қазақстан темір жолы тарапынан логистикалық қолдауының айқын көрінісі.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ
Ақтөбе облысында 500 үйдің құрылысы аяқталды (Ойыл ауданы – 172 , Ырғыз ауданы – 120, Қобда ауданы – 147, Әйтеке би ауданы – 26, Мұғалжар ауданы – 14, Темір ауданы – 21). Ырғыз ауданында ең қиын құрылыс жағдайы орын алды. Нұра ауылының тұрғандары келісім бойынша жаңа жерге көшіріліп, жаңадан тұрғызылған ауыл инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ
Қостанай облысында 153 үй салынды (Арқалық – 50, Амангелді ауданы – 27, Жангелдин ауданы – 41, Қостанай ауданы – 21, Қостанай қаласы – 14). Бұл өңір, елді мекендердің бір-бірінен алыстығына қарамастан, зардап шеккен азаматтарды бірінші қыркүйекке дейін тұрғын үймен қамтамасыз етті. Мысалы, Қостанай қаласынан 700 км қашықтықта орналасқан Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылында 19 үй бой көтерген.
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ
Ақмола облысында 292 үй тұрғызылған (Атбасар – 165, Бұланды ауданы – 76, Есіл ауданы – 21, Жарқайын ауданы – 30). Қыркүйек айының соңына дейін қалған 38 үй аяқталуға жақын. Бұл үйлердің құрылысын бастамас бұрын, азаматтардың қоныс аудару және жаңа үйлер салу алаңын таңдау талғамдары ескерілген.
ҚҰЛСАРЫ
Атырау облысы Құлсары қаласында 100 үйдің құрылысы аяқталған. Павлодар және Ұлытау облыстарында 8 үй салынған.
ЗАЛАЛМЕН КҮРЕС
– Су тасқыны басталғалы орталық мемлекеттік органдардың жедел өзара іс-қимылын атап өткен жөн. Құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізу мақсатында логистика мәселелерін жедел шешудегі Көлік министрлігі және Қазақстан темір жолының атқарған рөлі зор. Құрылыс жұмыстары барысында отандық тауарлардың кеңінен қолданылғанын атап өткім келеді. Сондай-ақ, отандық өндірушілер, кезек пен қашықтыққа қарамастан, қажетті материалдарды жедел жөнелтуге белсенді ат салысты, – дейді Шарлапаев.
Оның айтуынша, әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың үйлестіруі нәтижесінде еңбек және материалдық-техника ресурстары барынша тартылып, 8 000-нан астам адам және 700 бірлік техника жұмылдырылған. Өз кезегінде, зардап шеккен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге атсалысқан – бизнес өкілдері, құрылыс компаниялары мен құрылысшылар, қайырымдылық қорлары, еріктілер мен еліміздің барлық жанашыр азаматтарының – белсенді жұмысын ерекше аталып өтеді.
– Бұл залалмен күрес, еліміздің тұтастығын айқын көрсетті. Сонымен қатар, бұл залал, нормативтік құқықтық базаны өзгерту және төтенше жағдай кезіндегі жобалау тәсілдерін қайта қарауға түрткі болды. Министрлік бұл бағытта жұмыстарды күшейтеді, – дейді Шарлапаев.
Үкіметте есеп әлі тыңдалып жатыр.