Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАСҚЫННАН КЕЙІНГІ ШАРАЛАР
Министр тасқыннан кейін бірқатар шара қабылданып жатқанын атап өтеді. Атап айтқанда біріншіден, құтқарушыларды арнайы киім-кешекпен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қайта қаралуда. Сатып алынатын нысанды киімі сапалы және тапсырмаларды орындауға ыңғайлы қимыл қозғалысқа қолайлы болуы көзделеді.
– Екінші, сапалы арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алынады. Біз ұшқыштарды түнде және қолайсыз ауа-райы жағдайында ұшуға оқытып үйретуді жоспарлап отырмыз. Үшінші, күштер мен құралдарды төтенше жағдайларды жоюға жедел үйлестіру үшін Министрліктің Командалық орталығы жаңғыртылып, заманауи құралдармен жабдықталды. Сонымен қатар, Министрлікте басқарудың нақты вертикалін құру үшін барлық ведомстволық бағынысты мекемелерді бір аумақтық бөлімшеге біріктіру арқылы ұйымдастыру-штаттық іс-шараларын жүргізудеміз, – дейді ол.
БІРЕГЕЙ ДЕПО
Әріновтың айтуынша, бүгін де назардан тыс қалып, қолайлы жағдай жасалмаған құтқару бөлімшелеріне ерекше көңіл бөлінген. Осыған байланысты, жаңа тәсілге бой бұрып, өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар бір жерге орналасқан бірегей өрт сөндіру депосы құрылып жатыр. Бұл шұғыл әрекет етуді арттыруға және азаматтарды дер кезінде құтқару шараларын қабылдау мүмкіндігін береді.
– Төртіншіден, мемлекет басшысының тапсырмасымен Министрліктің қарамағында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылып, оған бақылау функциялары берілді. Енді халықты төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шаралардың орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қабылданады. Бесінші, су тасқынынан зардап шеккен шығынның көлемін ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мүлікті төтенше жағдайлардан сақтандыру механизмі пысықталуда. Алтыншы, өңірлерде қорғаныш бөгеттері мен дуалдарын тұрғызу және оларды нығайту сияқты алдын алу іс-шаралары жүргізілуде, өзендердің қауіпті учаскелерінде су түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары іске асырылуда, – дейді ол.
Еске сала кетейік, Үкіметте бүгін су тасқынының салдарымен күрес жұмыстарының есебін тыңдау басталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев отырыста соңғы мәліметтерді жариялаған.