Қаржылық мониторинг агенттігі елорда аумағында тиісті лицензиясыз цифрлық активтерді заңсыз өндіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚМА ХАБАРЛАМАСЫ
ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер 2022 жылдан бастап 2024 жылдың мамыр айына дейін Астана қаласының аумағында ай сайынғы электр қуатын тұтынуы мегаполистегі бір тұрғын алабының қажеттілігімен парапар болатын қозғалтқыштарды өңдеу орталығының түрінде жасырылған майнингтік ферманың қызметін ұйымдастырған.
ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНА 25,3 МЛН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ
Аталған кезеңде өндірілген заңсыз цифрлық активтердің құны 143 млн теңгеден асқан. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 1 300-ге жуық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен (ASIC), оларды салқындатуға арналған құрылғылар және қосалқы трансформаторлық станция тәркіленді. Бұдан басқа олардың электр энергиясы үшін 25,3 млн теңге сомасына төлем жасамағаны анықталды.