ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының жаңа деректері жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді проблемалық қолдануының күрт артқанын көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зерттеу қорытындысын Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жариялаған.
НЕ ЖАҒДАЙ
Зерттеу барысы жасөспірімдер арасында әлеуметтік желілерді проблемалық қолдану үлесі артып келе жатқанын көрсеткен. Ғалымдар арасында цифрлық технологиялардың жастардың психикалық денсаулығы мен саламаттығына әсер етуіне байланысты үлкен алаңдаушылық туған.
“Сарапшылар әлеуметтік желіні проблемалық қолдануғ деп тәуелділікке ұқсас белгілерді атайды. Оларға әлеуметтік желілерді қолдануды бақылау қабілетінің болмауы, әлеуметтік желілерді қолдану мүмкін болмаған кездегі ашушаңдық, басқа қызығушылықтардың орнына әлеуметтік желілерді қолдануды таңдау және күнделікті өмірде оларды шамадан тыс қолданудың кері салдары кіреді” делінген орталық хабарламасында.
САЛДАРЫ
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүргізген зерттеу барысында елдегі жасөспірімдердің 12 пайызы әлеуметтік желіні проблемалық қолдану санатына енген. Желіні көп қолданатындар арасында қыздардың үлесі басым. Жастардың үштен бір бөлігі (36%) достарымен үнемі интернет арқылы байланыс жасайды.
Сондай-ақ зерттеу барысында әлеуметтік желілерді проблемалық пайдаланушылар психикалық және әлеуметтік проблемаларға жиірек ұшырайтыны, психоактивті заттарды жиі қолданатыны байқалып, кеш жататындықтан ұйқының қанбауына шалдыққаны байқалған.
ҮНДЕУ
Еуропа мен Орталық Азияны қамтитын ДДСҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы саясаткерлерді, педагогтарды және денсаулық сақтау мамандарын төмендегі іс-әрекеттерге шақыру арқылы жасөспірімдердің цифрлық саламаттылығына басты назар аударуға үндейді:
● Мектептерде әлеуметтік желілерді жауапкершілікпен қолдануды, Интернет қауіпсіздігні және сыни ойлау дағдыларын қамтитын ғылыми негізделген бағдарламаларды енгізу.
● Психикалық денсаулықты сақтау саласындағы қызметтерді кеңейту: цифрлық технологияларды проблемалық пайдаланудан туындайтын мәселелерді шеше алатын құпия, әділ және қолжетімді психикалық денсаулық қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету.
● Ашық диалогқа ұмтылу: стигматизацияны азайту және хабардарлықты арттыру үшін қоғамның Интернетті қауіпсіз пайдалануы туралы отбасында жиі әңгіме айту.
● Әлеуметтік желілердің есеп беруге міндеттілігін қамтамасыз ету: әлеуметтік желі платформаларының жас шектеулерін сақтауын қадағалау керек және жас пайдаланушылар үшін цифрлық құралдарды жауапты жасауға ынталандыратын нормативтік база қажет.