Қорғаныс министрлігі қазақстандықтардың мерзімді әскери қызметтен бас тарту туралы петициясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер армияда болған уақытында әскери мамандықтарына сәйкес жауынгерлік даярлық сабақтарынан өтеді. Олар жауынгерлік, дене шынықтыру дайындығы және әскери қызмет бойынша қажетті дағдыларды алады. Әскерден босатылғаннан кейін олар әскери дайындықтан өткен запасқа есепке алынады. Әскери даярланған резерв, яғни әскери дайындық дағдылары бар азаматтар мемлекет қорғанысының элементтерінің бірі, оның жұмылдыру ресурсы. Әскери қауіп төнген жағдайда олар мемлекеттің қорғанысын қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларды орындайды, – деді Қорғаныс министрлігі өкілдері.
Сондай-ақ, ведомство Әкімшілік іс жүргізу кодексінің 90-1-бабына сәйкес, қорғаныс мәселелері петиция нысанасы бола алмайтынын атап өтті.
Бұл – мемлекеттің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру, – деді министрлік.
Петиция авторлары атап көрсеткен негізгі мәселелердің бірі – әскердегі әлімжеттік пен қарарға жатпайтын әрекеттер.
Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – «әлімжеттік». Әскери қызметке шақырылған жас жігіттер жоғары офицерлердің зорлық-зомбылығы мен қысымына жиі ұшырайды. Бұл психологиялық жарақатқа, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін алып барады. Екіншіден, сарбаздар әскерге тиісті дайындықсыз барады. Үшіншіден, әскердегі медициналық бақылау мен қауіпсіздік мәселесі де ақсап тұр, делінген петицияда.
Петиция авторлары атап көрсеткен тағы бір күрделі мәселе – әскерге шақырылғандарға медициналық бақылаудың жеткіліксіздігі.
Көптеген жастар әскери қызметке байланысты психологиялық қысымды көтере алмайды. Психологиялық қолдаудың жоқтығы мен командирлер тарапынан түсінбеушілік бұл мәселені одан сайын шиеленістіреді. Соның салдарынан сарбаздар арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары тіркеледі, – деді петиция авторы.
Сонымен қатар петиция авторлары әскерге шақырылғандардың ынтасының жоқтығы, олардың қызмет өткеруіне кері әсерін тигізетінін атап өтті.
Әскери міндетті көпшілік олардың жеке бостандығы мен мансаптық мүмкіндіктерін шектейтін міндеттеме ретінде қабылдайды. Бұл сарбаздардың мотивациясының төмен болуына әкеледі. Бұл өз кезегінде олардың жауынгерлік тиімділігін төмендетіп, жазатайым оқиғалар санының артуына ықпал етуі мүмкін, – делінген хабарламада.
Петиция epetition.kz сайтында жарияланған. Ол 4 қазанға дейін талқылауда болады. Әзірге петицияға 50 адам қол қойған.
Естеріңізде болса, соңғы бірнеше аптаның ішінде келісім-шартпен жұмыс істейтін бірнеше сарбаз өзіне қол салып қайтыс болған еді.