Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректеріне сәйкес, кейінгі бес жылда – 2018 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстанда абаттандырылған тұрғын үйді жалға алудың орташа құны 3,5 есе — бір шаршы метр үшін 1,4 мың теңгеден 4,9 мың теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы finprom.kz-ға сілтеме жасай отырып.
Жалға берілетін пәтердің қатты қымбаттауы 2022 жылы ресейлік релоканттардың келуіне байланысты сұраныс күрт өскен кезде тіркелген. Дүрбелең басылған соң бағалар тұрақталды, бірақ бұрынғы деңгейге оралмады. Бір шаршы метр үшін 4 мың теңгеден жоғары шекте қалды. 2024 жылы тамыздағы жағдай бойынша елде жалдаудың орташа құны бір шаршы метр үшін 4,4 мың теңгеден сәл асты, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,2% артық.
Тұрғын үйді жалға алудың ең жоғары бағасы ірі қалаларда – Алматы мен Астанада байқалады. Дәл осы екі мегаполис республика бойынша орташа көрсеткішті айтарлықтай арттырады. Алматыда тұрғын үйді жалға алу бір шаршы метрге 5,3 мың теңгені, ал Астанада 4,6 мың теңгені құрайды. Бұл Алматыда ауданы шамамен 50 шаршы метр болатын екі бөлмелі шағын пәтерді жалға алу айына шамамен 264 мың теңгені, ал Астанада 230,8 мың теңгені құрайтынын білдіреді. Агрегаторлардың мәліметтері бойынша осы баға – орташа мәнге сәйкес. Дегенмен, нарықта 350 мыңнан 500 мыңға дейін жоғары бағамен ұсыныстар бар.
Облыс орталықтарының көпшілігінде тұрғын үйді жалға алу бағасы төмен әрі бір шаршы метрге 3 мың теңгеден аспайды. Тараз және Түркістан сияқты экономикасы дамымаған қалаларда жалға алу құны тиісінше бір шаршы метрге 2,1 мың және 2,4 мың теңгені құрайды.