Қазақстанда 100 жасаған және одан да үлкен жастағы 423 азамат бар. Жасы ең үлкен кейуана Ұлытау облысында тұрады, ақ жаулықты әжеміз биыл 114 жасқа толған туған күнін атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
ДЕРЕКТЕР
Министрлік мәліметінше, ең көп өмір сүретіндер елдің оңтүстік өңірінде көбірек. Мәселен, Түркістан облысында 100 және одан жоғары жастағы 64 адам тұрады.
“Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша еліміздегі екінші орында ең ірі қаламыздың бірі – Алматы. Қазір Алматы қаласында 100 жастан асқан 48 адам тұрады. Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам тұрады. Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 114 жас, Павлодар облысы – 112 жас, Түркістан облысы – 110 жас кірді” делінген министрлі кхабарламасында.
ҚАРТТАР КҮНІ
Жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялады.
Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және тану, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.