Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, қала тұрғындарын құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қала күні қарсаңында Сыр елінде бірқатар әлеуметтік нысан ел игілігіне табысталды. Соның бірі – үстел теннисі орталығы.
Мерекелік іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, жауапты салалардың, құқық қорғау органдарының басшылары, Халықаралық Қарттар күні қарсаңында аймақ басшысының арнайы шақыртуымен барлық ауданнан келген ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Облыстың қарқынды дамуына қажетті әлеуметтік нысандардың салынуына зор үлес қосқан «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма төрағасы Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлына және «Самұрық-Қазына Траст» корпортивтік қорының бас директоры Адиева Альфия Дәулетқалиқызына Сыр жұртшылығы атынан ризашылық білдіремін. Сонымен қатар, орталықтың құрылысын сапалы жүргізген «Дәнекер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғыс айтамыз. Еліміздің көк байрағы дүбірлі додаларда биікте желбіреп, спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінсін!», – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, облыстық үстел теннисі федерациясының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов сөз сөйлеп, игі тілек білдірді. Мердігер «СК Дәнекер» ЖШС құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Халықтың сұранысына сәйкес үстел теннисі орталығын салуға облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, құрылыс биыл басталды. Оған «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 млн теңге қаржы бөлді. Орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 31 қызметкер жұмыс жасайды.