Бас прокурор Берік Асылов жол апаттарының саны артуына алаңдаушылық білдіріп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
90%-ҒА ӨСКЕН
“Өткен жылмен салыстырғанда жолдағы апат саны 90%-ға өсті. Жол-көлік оқиғалары құрбандарының саны да артқан. БҚО, ШҚО, Атырау, Маңғыстау, Абай, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласында теріс үрдіс орын алуда. Осыған байланысты, прокурорларға мемлекеттік органдармен бірлесіп, ең алдымен жолдардың неғұрлым апаттық-қауіпті учаскелеріне назар аудару арқылы ЖКО-ның себептерін анықтап, нақты шаралар әзірлеуді тапсырдым” делінген Берік Асыловтың Х желісіендегі жазбасында.
ЖОЛ АПАТТАРЫ
Елде расында да адам өліміне соқтырып жатқан жол апаттары жиілеген. БАҚ беттері мен әлеуметтік желіде қайғылы аяқталған апаттар туралы ақпарат күн ара шығып жатады.
Мәселен, 27 қыркүйек күні Астана-Петропавл тас жолында болған жол апатынан екі адам қаза тауып, үш адам жарақат алған. 23 қыркүйекте Алматы облысындағы жол апатынан үш адам мерт болды. Оның алдында ғана Алматыда тоннельде 7 көлік соқтығысқанын хабарлағанбыз.
ТЫЙЫМ
Сондай-ақ келер жылдан бастап жол көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында рөлі оң жақта орналасқан көлік иелеріне электронды қызметтер арқылы жолаушылар тасымалдауға тыйым салынбақ.
Ал оң жақ рөлді автокөліктердің иелері мұндай жаңашылдықпен келіспейді. Олардың айтуынша, жол апатына көліктің құрылымы емес, жүргізушінің жауапсыздығы себеп.
Жас шектеуін қою керек. 30 жастан төмен жүргізушілерге қала арасында жүруге тыйым салу керек. Жол апаты көбіне жылдамдықты шектен тыс асырғаннан болады, – дейді жүргізушілердің бірі.
Қазақстанда үш жүз мыңнан астам оң рөлді көлік жүреді. Көлік иелерінің көпшілігі жолаушыларды ұзақ қашықтыққа тасымалдаумен айналысады.