×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

1991 жылдан бері Олимпиадаға Қазақстан атынан 64 легионер қатысқан: қаншасы елде қалды

03.10.2024, 15:51
1991 жылдан бері Олимпиадаға Қазақстан атынан 64 легионер қатысқан: қаншасы елде қалды
Ulysmedia коллажы

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Олимпиада ойындарына қатыстыру үшін 11 елден 64 легионер алдырған. Бұл мәліметті Ulysmedia.kz порталына берген ресми жауабында Туризм және спорт министрлігі келтірді.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Туризм және спорт министрі болып таяуда тағайындалған Ербол Мырзабосынов бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына берген жауабында Қазақстан билігі Олимпиада ойындарынан кейін легионерлерді қаржыландырудан толық бас тартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Оның сөзінше, тиісті заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Осы ретте Туризм және спорт министрлігіне ресми сауал жолдап, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан тарихында қанша спортшы легионер ретінде басқа мемлекеттен тартылып, Қазақстанның атынан Олимпиада ойындарына қатысқанын біліп көрдік.

ЛЕГИОНЕРЛЕРДІҢ ҚАНШАСЫ ЖҮЛДЕ ӘКЕЛДІ

Ресми жауапқа сүйенсек, 1991 жылдан бастап Олимпиада ойындарына 11 елден (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Украина, Моңғолия, Сербия, Кения) 64 легионер қатысқан. Олимпиада ойындарында барлығы 15 легионер жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 3 алтын, 3 күміс, 9 қола бар.

ЛЕГИОНЕРЛЕР ҚАЙ СПОРТ ТҮРІНЕН КЕЛДІ

Легионерлерді ең көп қызықтырған спорт түрлері – су добы (14 спортшы), теннис (9 спортшы), еркін күрес (9 спортшы), ауыр атлетика (7 спортшы). Былтыр Қазақстанға 11 легионер келген.

ҚАНШАСЫ ЕЛДЕ ҚАЛДЫ

«Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның 55-бабына сәйкес, Қазақстан аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар спорт түрлері бойынша (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалары) халықаралық спорттық жарыстарда Қазақстан құрама командаларының құрамында өнер көрсету құқығын қоспағанда, осы заңда көзделген көлемде дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану құқығын пайдаланады.

Қазақстан азаматтығын алған 64 спортшының 16-сы спортты дамыту үшін елде қалған.

ЕНДІ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болдырмау туралы» заң жобасын әзірлеген. Ол қазіргі уақытта Қазақстан Мәжіліс қарауында жатыр. Заң жобасы шеңберінде Қазақстан азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу көзделіп отыр.