АЭС құрылысына қатысты референдум бойынша Тараз қаласында орналасқан №28 дауыс беру учаскесіне ала таңмен асыға жетіп, дауыс берушілердің қатары мол болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ел өміріндегі маңызды сәтте халықтық таңдауға бейжай қарамай, белсенділік танытқан дауыс берушілердің қатарында үлкен-кіші, бәрі жүр. Дәл қазіргі сәтте де №28 дауыс беру учаскесінде тіркелген дауыс берушілер өз таңдауын жасап жатыр.
Еске сала кетейік, референдум қарсаңында дауыс берушілер құрметіне түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған. Осы орайда Абай даңғылы, 138 мекен жайында орналасқан дауыс беру учаскесіне келушілерге арнап әжелер қауымы арнайы шашу шашып, ұлттық дәстүрді ұлықтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Референдум алдында белсенділердің ұсталуы: Қарин не дейді
Ана «Бір қолымен бесігін тербетіп, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп халқымыз айтқандай, осындағы әрбіріміз үшін ұрпақтың келешегі, еліміздің ертеңі маңызды. Аллаға шүкір, мемлекетіміз жылдан-жылға жан-жақты даму үстінде. Немере, шөберелеріміздің болашағы үшін, олардың өсіп-өніп, еліне, халқына қызмет ететін азамат болып өсуі үшін әрбіріміз жауаптымыз. Дәл сол секілді мемлекетіміздің абырой-беделі асқақтап, өркениетке қадам басуына да әрбіріміздің үлесіміз болуы тиіс. Сол үшін бүгін ұлттық дәстүр-салтымыздың салтанатын жарастырып әрі жастарға құндылығымызды насихаттап арнайы келдік. Себебі алтын қазығынан ажырамаған ел алысқа мақсат қояды, құндылығынан айырылмаған ел ғана құрдымға кетпей, іргелі істерге із қалдырады,– дейді «Белсенді ұзақ өмір» орталығының ақ жаулықты әжелері.
Осылайша ақ жаулықты әжелер қауымы дауыс беру учаскесін қазақы ән-жырға бөлеп, келушілерге бауырсақ үлестірді.
Айта кетейік, бүгін АЭС референдумы бойынша Қазақстанда дауыс беру басталды. Сондай-ақ бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің заңды деп танылуының шарттарын атаған болатын.