×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Ресейлік маркетплейстер Қазақстанда сату көлемін еселеп арттырған

Ресейлік маркетплейстер Қазақстанда сату көлемін еселеп арттырған
Фото: ашық дереккөз

Ресейлік маркетплейстер Wildberries және Ozon Қазақстанда өздерінің сату көлемдерін бірнеше есе арттырды. Биылғы қаңтар-тамыз айларында қазақстандықтар осы онлайн-платформалардан жиі тапсырыс жасап, оларға көп қаражат жұмсаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БИЗНЕСТІҢ ДЕ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Finprom.kz порталының жазуынша, Wildberries платформасында қазақстандықтардың тапсырыстарының саны 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында былтырмен салыстырғанда 2 есеге өсті. Ал сатылымның ақшалай көлемі 2,1 есеге ұлғайды. 2023 жылы бұл көрсеткіштер одан да жоғары болған – 4 есеге жуық өскен.

Ozon маркетплейсі де физикалық сату көлемін 2024 жылдың алғашқы жартысында 12 есеге арттырған, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 16 есеге көбейген. Қазақстандағы электронды сауда саласы дәл осы маркетплейстердің танымалдығының артуы есебінен қарқынды дамып келеді.

Халықаралық маркетплейстер Қазақстанда өздерінің ықпалын сатып алушылардың белсенділігінің өсуі арқылы ғана емес, ең алдымен логистиканың дамуы арқылы арттырды. Wildberries компаниясының Қазақстанның ірі қалаларында үш ірі логистикалық орталығы бар, ал қазір Астана мен Алматыда тағы екі орталық салынып жатыр. 

Wildberries баспасөз қызметінің мәліметінше, тапсырыстарды беру пункттерінің (ПВЗ) саны өткен жылы 8,9 есеге көбейген, ал 2024 жылдың тамыз айында 2023 жылдың желтоқсанының соңымен салыстырғанда тағы 52%-ға өсті.

Айта кетейік, ресейлік маркетплейстердің қабылдау орны санының өсуі ресейлік қана емес, қазақстандық бизнестің де дамуына ықпал етеді. Себебі, әдетте, бұл пункттерді франшиза бойынша Қазақстан кәсіпкерлері ашады.

Біз Қазақстандағы қабылдау желісін кеңейту бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. 2024 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Ozon-дағы тапсырыстарды беру пункттерінің саны 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 есеге өсті. Алдағы айларда біз кәсіпкерлерді елдің әртүрлі аймақтарында жаңа ПВЗ ашуға ынталандырып, сауда жасауды барынша ыңғайлы етуді мақсат етеміз. Бұл үшін біз басым орналасу аймақтарында қабылдау орнын ашуға қаржылай қолдау көрсетеміз, – деп түсіндірді Ozon компаниясының баспасөз қызметі.

Ozon-ның интерактивті картасындағы мәліметтерге сәйкес мұндай қолдау көлемі алты ай ішінде орташа есеппен 2,6 млн теңгеге жуықтаған. Ал Алматы мен Астанадағы кәсіпкерлер үшін қаржылай көмек мөлшері жарты жылда 7,1 миллион теңгеге дейін жетеді.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ

Былтыр Қазақстандағы электрондық сауда нарығы рекордтық деңгейге жетіп, 2,4 триллион теңге болды. Жылдық өсім – 24,2%. Транзакциялар саны 84,1%-ға артып, 90,2 миллионға жетті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, маркетплейстер арқылы сатылған тауарлар жалпы электрондық сауда көлемінің 72,4%-ына шамалас, бұл шамамен 1,8 триллион теңгеге тең.

Қазақстандық ұйымдардың өз сайттары арқылы сату көлемі әлдеқайда аз болды – бар болғаны 672 миллион теңге.

2023 жылы бұл сату арнасы маркетплейстермен салыстырғанда өз позицияларын жоғалтты, ал сатылым көлемі 20,5%-ға төмендеді. Керісінше, маркетплейстер сатып алушылар санын арттырып, сатылым көлемін 58,2%-ға ұлғайтты.

PwC Kazakhstan компаниясының зерттеу қорытындыларына сәйкес 2023 жылы электрондық сауда өсімінің негізгі қозғаушы күші халықаралық маркетплейстер болды, олардың сатылымы 3,7 есеге өсті, ал жергілікті маркетплейстер сатылымдарын 1,7 есеге арттырды.

Маркетплейстерге тек сатып алушылар ғана емес, кәсіпкерлер де үлкен қызығушылық танытып отыр. Өткен жылы Wildberries-те қазақстандық сатушылар саны 45%-ға өсті, ал Ozon платформасында сатушылар саны 4,6 есеге артты.

2024 жылы да бұл тенденция жалғасын тауып жатыр.

Жергілікті сарапшылар маркетплейстер арқылы тауарлар мен қызметтерін сататын кәсіпорындар саны өткен жылы 62,8%-ға өсіп, 2 мыңнан асқанын айтады. Ал өз интернет-дүкендері арқылы сатылым жасайтын кәсіпорындар саны шамамен 3 есе аз – 766-ға болды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАНДАЙ ТАУАРЛАРДЫ САТЫП АЛАДЫ?

Ақша көлемінде ең үлкен үлесті телефондар мен түрлі гаджеттер алады. Былтыр бұл категорияның сатылымдары жалпы сатылым көлемінің 27,5%-ын құрап, 486,2 млрд теңгеге жетті.

Екінші орында тұрмыстық техника: 2023 жылы қазақстандықтар оған 205 млрд теңге жұмсаған, оның үлесі 11,6%.

Ал компьютерлер мен оған қатысты тауарлар категориясының үлесі 10,1% болды, сатылым көлемі – 178,4 млрд теңге.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы маркетплейстер қанша салық төлегенін жазған болатынбыз.