Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстандағы банк секторының 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жай-күйі жайлы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АГЕНТТІК НЕ ДЕЙДІ
Агенттіктің хабарлауынша, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 11 банк шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк. Банк секторының активтері негізінен берілген қарыздар мен операциялар бойынша клиенттерге қойылатын талаптардың өсуі есебінен 2024 жылдың тамызында 1,9%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 57,8 трлн теңге (2024 жылдың басынан 12,5%-ға немесе 6,4 трлн теңгеге өсу) құраған.
– Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері жөнінде: 2024 жылы тамызда 2,0%-ға 31,1 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 11,5%-ға өсу) ұлғайды. Бұл ретте, ұлттық валютада берілген кредиттер 1,8%-ға 28,5 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында – 4,6%-ға 2,7 трлн теңгеге дейін, оның ішінде АҚШ долларының теңгеге қатысты 1,6%-ға нығаюы нәтижесінде оң қайта бағалауға байланысты өсті. Нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2024 жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 91,4 %-ды құрады (01.01.2024ж. - 92,3%). Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы тамызда негізінен айналым қаражатын сатып алуға берілген қарыздардың 1,3%- ға, инвестициялар мен бағалы қағаздардың 8,6%-ға өсуі есебінен 1,7%-ға
12,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 6,5%-ға өсу), – делінген хабарламада.
ХАЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН НЕСИЕ
Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы тамызда 2,2%-ға ұлғайып (2024 жылдың басынан бастап 14,8%-ға өсті), 19,2 трлн теңгені құраған. Халыққа берілетін кредиттер құрылымында тұтынушылық қарыздар 5,8%-ға 12,6 трлн теңге дейін өсті (жыл басынан бері 22,7%-ға өсу). Бұл ретте тұтынушылық кредиттердің өсуі негізінен өзге қарыздар санатынан тұтынушылық қарыздар санатына шамамен 400 млрд теңге сомаға қарыздарды техникалық қайта жіктеуге байланысты болып отыр.