Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған соңғы мәліметке сай, Қарағанды облысындағы дала өртінің ауданы 35 гектерден асқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨРТ СӨНДІРУДЕГІ ҚИЫНДЫҚ
Министрлік хабарлағандай, қазіргі уақытта вице-министр Ерлан Нұрпейісов Қарағанды облысында жүр.
“Ашық аумақта алдын ала ақпарат бойынша ауданы 35 мың гектар құрғақ шөп жанып жатыр. Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатуда” делінген хабарламада.
ТАРТЫЛҒАН ТЕХНИКА
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 бірлік техника, ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылған.
“Табиғи өртті сөндіруге жұмылдырылған күштер мен құралдар 4 жауынгерлік учаскеге бөлінген. Әуе кемелері өрт ошақтарына барлығы 30 рет 50-ден астам тонна көлемінде су төкті. Ұлттық ұлан, Кувский орманшылығынан, жергілікті атқарушы органдардан, Қарағанды және Ақмола облыстары ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен қосымша күштер мен құралдар жіберілді. Қарқаралы ауданында 2 бірлік жылжымалы тамақтану пункті дайындалды, азық-түлік және заттай жарақтар қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қарағанды облысы ТЖД 8 721 2 51 72 23 жедел желі телефоны жұмыс істейді. Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га құрады” деп хабарлады министрліктегілер
10 МЫІҢ ГЕКТАР ОҚШАУЛАНДЫ
ТЖМ дерегінше, Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы дала өртінің 10 мың гектар аумағы оқшауланған. Өртті сөндіруге Павлодар облысынан, Астана қаласынан, Абай облысынан және ҚР ТЖМ 68303 ә/б, орман шаруашылығы қызметтерінің құтқарушылар топтары және жергілікті атқарушы органдардан ерікті өрт сөндіру құралымдары қатысқан.
ӘКІМ КҮДІГІ
Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов Баянауыл ауданындағы өртке шөп шауып жүрген шаруа қожалық иелері кінәлі болуы мүмкін екенін айтқан.
“Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі – шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі. Сондықтан, барлық шаруа қожалықтарынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуы тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ, өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын” делінген әкім мәлімдемесінде.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қарағандыдағы дала өртінде бір құтқарушы қаза тауып, үш құтқарушы ауруханаға түскен болатын. Осыған байланысты ТЖМ мәлімдеме жасады.
2023 жылдың маусымында Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында» орман өртеніп, өрт сөндіре жұмсытары кезінде 14 ораншы қаза тапқан. Биыл мамырда өртке кінәлілер сотталған.
Семейдегі өрт орман шаруашылығы саласындағы біраз мәселенің бетін ашқан. Осы жағдайдан кейін үкімет орманшылардың жалақысын арттыруға уәде берген. Алайда айтылған сөз сол жерде қалған.