Халықаралық "Әл-Каида" террористік ұйымын құрған Усама бен Ладеннің ұлы Омарға Францияға оралуға тыйым салынды. Ол әлеуметтік желіде "терреризмді асқақтатқаны" үшін депортацияланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙЫ
Усама бен Ладеннің ұлын Францияға кіргізбеу туралы құжатқа елдің ішкі істер министрі Брюно Ретайо қол қойған. Ол сондай-ақ Оман бен Ладен бұрынырақта депортацияланғанын мәлім етті. Алайда қайда жіберілгенін нақтыламады.
"Британ азаматшасының күйеуі ретінде бірнеше жыл Орн аймағында тұрған бен Ладен мырза 2023 жылы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында терроризмді асқақтататын пікір жариялаған. Әкімшілік шектеу бен Ладен мырза Францияға қандай себеппен болса да орала алмайтынына кепілдік беред” деді Ретайо.
ОМАР БЕН ЛАДЕН ФРАНЦИЯДА НЕ ІСТЕГЕН
Reuters-тің жазуынша, Омар бен Ладен ұзақ жыл Нормандиядағы ауылдардың бірінде тұрып, пейзаж салумен айналысқан. Жергілікті апталық Le Publicateur Libre газеті ол француздық биліктің назарын 2011 жылғы мамырда америкалық арнаулы қызмет өлтірген әкесінің туған күнінде жазған жазбасы арқылы аударып алған. Газет полиция Омарды 2023 жылы Нормандиядағы Домфор ауылынан іздегенін жазған.
Reuters Омар жазды делінген жазбаны таба алмағанын, Омар бен Ладеннің өзімен байланысқа шығу мүмкін болмағанын жеткізді.
УСАМА БЕН ЛАДЕН
Усама бен Мухааммед бен Авад бен Ладен халықаралық лаңкес, 2011 жылғы 11 кыркүйекте болған ірі лаңкестік оқиғаны мойнына алған “Әл-Каида” террористік ұйымының негізін қалауші әрі алғашқы әмірі. Азаттық радиосының дерегіне қарағанда, Сауд Арабиясындағы монарх отбасымен қарым-қатынасы бар құрылыс магнатының ұлы. Бен Ладен әкесінен қалған байлықты Пәкістандағы жаттығу лагерьлерін қаржыландыру үшін пайдаланған. Жауынгерлер сол лагерьлерде дайындықтан өтіп, кейін Ауғанстанға барып Совет әскерімен соғысқан. Саудиялық миллионер соғыстың кейінгі кезеңіне араласты. Совет-Ауған соғысы аяқталар тұста Бен Ладен "әл-Қаида" дейтін ұйым құрды. Кейінірек ол "Еврейлер мен кресшілерге" соғыс жариялап, Батыс адамын өлтіру "әрбір мұсылманның парызы" деді. 1990-жылдары Бен Ладен бірнеше террор шабуылдарын өзі ұйымдастырғанын айтқан. Олардың арасында Кения-дағы АҚШ елшілігіндегі жарылыс та бар. Ол кезде елшілік ғимаратында террористер бомбамен жабдықтаған жүк көлігі жарылған. Жарылыс кезінде қаза тапқандардың 224-і жергілікті африкалық болған. АҚШ 11 қыркүйектегі шабуылдан кейін Ауғанстанға басып кіріп, таулардағы Тора-Бора дейтін үңгір кешеніне әуеден шабуыл жасаған. Бен Ладен мен "әл-Қаида" жауынгерлері осы кешенде тығылып жатыр деп саналған. Бірақ Бен Ладен Пәкістанға қашып үлгерген. Содырлар Пәкістанға өтіп кетіп, АҚШ бомбалауынан аман қалған. Бен Ладен жасырынып отыр деген Абботтабад қаласында 2005 жылы биік дуалмен қоршалған ірі кешен салынған. Жергілікті адамдар кешен тұрғындарының қалдықтарын қоқысқа тастамай, өртеп отырғанын байқаған. Бен Ладеннің осы кешенде тұратыны қалай анықталғаны жөнінде бірізді пікір жоқ. Бірақ кешеннің биік болғаны барлауды жеңілдеткен. Жақын үйден бірнеше ай бойы бақылаған ЦРУ барлау тобы 2010 жылы құпия кешенде Бен Ладен мен оның отбасы тұратынына көз жеткізген. 2011 жылы 2 мамырға қараған түні АҚШ теңіз әскерінің ондаған адамнан тұратын арнайы жасағы Ауғанстандағы әуе базасынан Абботтабадтағы кешенге ұшқан. Жасақ көзге мейлінше түспейтін, төмен биіктікте ұшатын арнайы тікұшақтармен жеткізілген. Бұл Пәкістан әскерінің радарына түспеу үшін жасалған. Рейд кезінде кешенде пайда болған турбуленттіліктен бір тікұшақ бақылаудан шығып, винті дуалға тиіп кетіп, апатқа ұшырады. Бірақ арнайы жасақ тоқтап қалмай, үйдің ішіне кіріп, Бен Ладенді атып өлтірді. Құлаған тікұшақты жарылғыш затпен жойды, онда болған америкалық сарбаздар Бен Ладеннің мәйіті салынған тікұшақпен қайтты. ДНҚ сынағы мерт болған адамның Бен Ладен екенін растады. Қаза болған «Әл-Қайда» басшысының денесі ислам шартына сай 24 сағат ішінде жерленді. АҚШ әскері оның мәйітін теңізге тастады.