×
492.65
525.71
5.03
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
492.65
525.71
5.03

Нөмірсіз «Prado» мен «Кабан» көлігі ауылды аралап жүрді – марқұм Шерзаттың достары

12.10.2024, 13:25
Нөмірсіз «Prado» мен «Кабан» көлігі ауылды аралап жүрді – марқұм Шерзаттың достары
Ulysmedia

Талғарда өлтірілген 16 жастағы Шерзат Болаттың достары үй өртенбес бұрын Азат ауылында кейінгі күндері нөмірін шешіп тастаған белгісіз көліктер ауылды торуылдап жүргенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін Ulysmedia.kz редакциясы олардың аты-жөні мен суретін көрсетпеуді жөн деп есептейді.

– Нөмірлерін шешіп тастаған машиналарды көрдік. Садовая көшесінен жақтан кірді. Ішінде балалар болған. Досым да көрген. Мерседес “Кабанды” көрдік. «Азат» ауылын толық аралап жүретін. Алдыңғы күні 102 нөміріне хабарласып көрейін деп едім, олар тұтқаны көтермеді. Телеграм арнаға да жібердім. Олар “факт, видео керек” деді, – дейді Шерхаттың достарының бірі.

Шерзаттың тағы бір досы “қара Прадо көлігімен нөмірсіз бір жас балалар жүрді, ақ «Кабан» да көшенің бас жағына келіп, кішкене тұрып кетіп қалған. Асықпай, жан-жақтағы адамдарға қарап жүретін” дейді

ҮЙІН ӨРТЕП ЖІБЕРГЕН

Бүгін түнде Талғарда өлтірілген марқұм Шерзат Болаттың үйі өртенгені хабарланды. Ulysmedia.kz Талғар қаласы маңындағы Азат ауылында өртке оранған марқұм Шерзат Болаттың үйіне барды. Оқиға орнында не болып жатқанын көзбен көріп, Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизатпен тілдескен. Марқұмның туған-туыстарының айтуынша, өрт шамамен түнгі 00.30 уақытында болған. Үйде ешкім болмаған. Себебі Шерзат ата-әжесінің қолында өскендіктен, бұл жағдай егде кісілерге қатты ауыр тигендіктен, марқұмның туған-туыстары қара шаңырақта болған. Үйдегі мал аман, тек итті күйік шалған.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Көп өтпей марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Талғарда өлтірілген бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып беретіні хабарланды.

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.