Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында қаңғыбас ит қыз баланы қауып алған. Ол ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, қаланың солтүстік бөлігіндегі балалар алаңы аумағында кішкентай қызға иттер шабуыл жасаған.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 11 қазан күні сағат 11.40-та Бөрлі аудандық ауруханасына көптеген жарақатпен 5 жасар қыз жеткізілгенін мәлімдеді.
Травматикалық шок белгілері бар қыз бала жансақтау бөліміне жатқызылды.
Қызға ауырсынуды басатын ем жасалып, жарақатты алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Сондай-ақ шұғыл түрде сіреспеге қарсы егілді. Жансақтау бөлімшесінде жатқан кезде қыздың жағдайы тұрақталып, хирургияға ауыстырылды. Қазіргі кезде оның жағдайы тұрақты ауыр. Тамақты өздігінен ішеді. Қозғалады. Қыз бала қажетті емін алуда, – деп хабарлады ведомстводан.
Бұған дейін Теміртаудағы пәтерде аш иттер көз жұмған адамдардың етін жегенін жазған едік.