×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

ІІМ Талғардағы ұйымдасқан қылмыстық топ туралы айтты

15.10.2024, 14:10
ІІМ Талғардағы ұйымдасқан қылмыстық топ туралы айтты
ашық дереккөз

«Хутор» деген ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ. Бұл туралы Қонаев қаласында өткен брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҰҚТ-ны ТІРКЕУ ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ

Біздің есепте «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы деген жоқ... Жалпы, Қазақстанда қолданыстағы заң мен тәртіп бар. Меніңше, Қазақстанда тұратын барлық азамат осы тәртіпті, заңды ұстанады. Елімізде ұйымдасқан қылмыстық топтарды, ҰҚТ-мен айналысатын тұлғаларды тіркеу деген жоқ, – деді ол.

МІНДЕТ

Сонымен қатар Бауыржан Әленов күдіктілердің қатарында қалайша пробациялық бақылауда болған азамат жүргеніне байланысты тексеру туралы айтты.

Қазіргі уақытта ең бастысы – қылмысты ашу. Ең басты міндетіміз – тәртіп пен заңды қалпына келтіру, үйді өртегендерді анықтау. Менің негізгі міндетім – осы жұмыстарды құқық аясында ұйымдастыру, өртті жасаған адамдарды анықтау, өзге тұлғаларды қарау, тексеру, одан кейін мұндай жайттың неліктен орын алғанын анықтау, – министрдің орынбасары.

Оның атап өтуінше, Талғардағы қайғылы оқиғаға байланысты бұзақылық, адам өлтіру, қоқан-лоқы жасау, қылмысты хабарламау туралы деректер бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

Сондай-ақ, брифинг барысында Хасанның бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы туралы айтылды.