АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтон Украинаға 425 миллион доллардың жаңа әскери көмек пакетін ұсынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ БЕРЕДІ
Азаттықтың жазуына қарағанда, "Америка дауысы" сайтының мәліметінше, Пентагон қорынан берілетін қосымша көмек пакетіне NASAMS зенит зымыран жүйесі оқ-дәрілері, әуе қорғанысына арналған RIM-7 ракеталары, Stinger зенит зымырандары, HIMARS зымыран жүйесіне керек оқ-дәрілер, кассеталық оқ-дәрілер, танкіні жоятын Javelin қаруы және тағы басқалар кіреді.
Блинкен Украинаны АҚШ пен оның аясындағы халықаралық коалиция қолдайды деп бұған дейін бірнеше рет айтқан президент Джо Байденнің сөзіне сілтеді деп жазды "Америка дауысы" сайты.
БҰҒАН ДЕЙІН
АҚШ 2022 жылғы 24 ақпаннан бастап Украинаға құны 61 млрд доллардан асатын әскери көмек және Ресейдің Украинаға 2014 жылғы шабуылынан бергі кезеңде 64 млрд долларға жуық әскери көмек көрсеткен.
АҚШ 2021 жылғы тамыздан бері қорғаныс министрлігі қорынан Украинаға 31 млрд долларға тең әскери көмек көрсету үшін президенттің төтенше өкілетін 50-ден астам рет пайдаланған.