Ішкі істер министрлігі азаматтар мен мемлекетке миллиондаған шығын келтіретін ұйымдасқан қылмыстық схемаларды анықтағанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Polisia.kz жазғандай, арнайы жедел іс-шаралар барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісі прокуратураның көмегімен Алматы қаласында көлік құралдарын тіркеуге қоюдың қылмыстық циклін анықтаған.
НЕ ІСТЕГЕН
Топ көлік құралының бірегей кодын өзгерту және құжаттарды қолдан жасау арқылы автокөліктерді тіркеумен айналысқан. Нәтижесінде VIN-кодтарды өзгертумен айналысқан жерасты цехының жұмысы әшкереленіп, тіркеуге заңсыз қойылған 150-ден астам автокөлік анықталған.
– Қылмыстық іс-әрекетке арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің және делдалдардың қатысы анықталды. Бір дропперге 50 автокөлікке дейін тіркелген. 17 күдікті ұсталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. АЕҚ қауіпсіздік қызметімен бірлесіп тексеру жалғасуда, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілі Қуандық Алпыс.
ЗАЛАЛ КӨЛЕМІ
ІІМ мәліметінше, мемлекетке заңсыз әрекеттерден келтірілген залал шамамен 320 млн теңгеден асқан. Алаяқтық, мәліметтер базасындағы ақпаратты заңсыз өзгерту мен көлік құралдарының сәйкестендіру нөмірлерін қолдан жасау фактілері бойынша 17 қылмыстық іс тергеліп жатыр.