5 қарашада өтетін АҚШ-тағы президент сайлауы жақындаған сайын, науқаны шарықтау шегіне жетуде. Демократиялық партияның кандидаты, вице-президент Камала Харрис және республикалық партиядан үміткер, бұрынғы президент Дональд Трамп өз күштерін сайлау нәтижесіне шешуші әсер етуі мүмкін жеті штатқа шоғырландырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
14 МИЛЛИОН АДАМ АЛДЫН-АЛА ДАУЫС БЕРДІ
Флорида университеті сайлау зертханасының мәліметтеріне сәйкес, 14 миллионнан астам адам алдын ала дауыс беріп үлгерген, және бұл сан күн сайын өсуде. АҚШ-тың көптеген штаттарында ерте дауыс беру учаскелері ашық, сондай-ақ пошта арқылы бюллетеньдер қабылданып жатыр.
ХАРРИС АЗДАП АЛДА ТҰР
Сауалнама нәтижелері бұл президенттік жарыс соңғы ондаған жылдардағы ең шиеленісті науқан екенін көрсетеді. Екі үміткердің рейтингі шамамен бір деңгейде болғанымен, ұлттық сауалнамаларда Харрис аздап алда тұр.
Айта кету керек, АҚШ-та сайлау жеңімпазы жалпыұлттық дауыс беру арқылы емес, “Сайлаушылар коллегиясы” арқылы анықталады. 48 штат өз дауыстарын штатта жеңіске жеткен үміткерге береді, ал Небраска мен Мэн штаттары дауыстарды икемді түрде үлестіреді. Үміткерге жеңіске жету үшін 538 дауыс берушінің кемінде 270 дауысы қажет.
7 ШТАТҚА БАЙЛАНЫСТЫ
Қазіргі уақытта Харрис пен Трамп 43 штатта айтарлықтай артықшылыққа ие. Дегенмен, сайлаудың нәтижесі жеті негізгі штатқа байланысты болады: Висконсин, Мичиган, Пенсильвания, Солтүстік Каролина, Джорджия, Аризона және Невада. Бұл штаттардағы сауалнама нәтижелері өте жақын, сондықтан олардың шешуші рөл атқаруы ықтимал.
ХАРРИС VS ТРАМП
Харрис өзінің 60 жылдығын Джорджиядағы миссионерлік баптист шіркеуінде атап өтіп, сайлаушыларды белсенді қатысуға шақырды. Сол уақытта Трамп Пенсильваниядағы McDonald's мейрамханасында болып, ас үйде көмек көрсетіп, сайлаушылармен сөйлесті.
Екі үміткер де сайлау күнінің алдында маңызды штаттарда науқандарын жалғастырады деп күтілуде.