2023 жылдан бастап ҚР 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын іске асыру аясында жұмыс күші артық аумақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуды ынталандыру үшін экономикалық ұтқырлық сертификаттары енгізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Сертификаттар Үкімет белгілеген қоныстану аймақтарына тұрақты тұруға көшкен кандастар мен ішкі қоныс аударушыларға беріледі және тұрғын үй сатып алуда материалдық көмек көрсетуді көздейді.
Еңбек және халқты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінгі таңда осы ЭҰС 1246 отбасына берілген.
Сертификат бір рет өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50% немесе бір отбасына 4,2 млн теңгеге дейін беріледі.
Материалдық көмек Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Үкімет бекіткен мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесі нысанында ұсынылады, – делінген министрлік хабарламасында.
СЕРТИФИКАТ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ
Тұрғын үйді меншікке сатып алу үшін сертификат алдын ала шарт немесе тұрғын үйді сатып алу-сату шарты болған кезде беріледі.
Тұрғын үй салу кезінде сертификат ҚР Жер және басқа да заңнамаларына сәйкес, жеке тұрғын үйлер салу үшін меншігінде жер учаскелерінің болуын ескере отырып беріледі.
Сертификатты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігі ретінде пайдалану үшін екінші деңгейдегі банктен тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы хат ұсыну қажет. Бұл ретте экономикалық ұтқырлық сертификаты келу өңіріндегі тұрақты тұратын елдімекенде ғана тұрғын үй сатып алу үшін беріледі, – делінген хабарламада.
ҚОЛДАУДЫҢ ӨЗГЕ ТҮРЛЕРІ
Қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификатынан басқа мемлекеттік қолдаудың төмендегідей шаралары ұсынылады:
- Көшуге арналған субсидия – бір уақытта отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде (258 440 теңге);
- Тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге арналған субсидия – ай сайын, 12 ай ішінде отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (55 380 теңгеден 110 760 теңгеге дейін);
- Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- Жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушіге кемінде 2 жыл мерзіммен тұрақты жұмысқа орналасу және тұрғын үймен қамтамасыз ету шартымен әрбір қабылданған жұмыскер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі (1 476 800 теңге).