×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанда қамауда отырған қарақалпақ белсенділері АҚШ-қа жетті

24.10.2024, 18:32
Қазақстанда қамауда отырған қарақалпақ белсенділері АҚШ-қа жетті
Фото: Азаттық радиосы

Өзбекстанның сұрауымен ұсталып, Қазақстанда бір жыл қамауда отырған төрт қарақалпақ белсенді АҚШ-қа жетті. Ташкент "конституциялық құрылымды бұзуға талпынды" деп айыптаған олар өздеріне пана болатын ел іздеп, мұхит асуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

МЕН ЕНДІ АЗАТ АДАММЫН

Туған елінде биліктің қудалауына ұшырап, Қазақстанға кетуге мәжбүр болған, алайда бұл елден де пана таба алмаған қарақалпақ белсенділері АҚШ-қа жеткеннен кейін Азаттық тілшісі олармен видеобайланыс арқылы хабарласқан.

– Қауіпсіздікті ойлағандықтан, нақты қай қалада екенімді айта алмаймын. Бірақ жағдайымыз да, көңіл-күйіміз де жақсы. Мен енді азат адаммын! Отандастарымды да, өзімді де үлкен держава қанатының астына алды, – деді АҚШ-тан пана тапқан төрт қарақалпақ белсендінің бірі, 40 жастағы Тілеубике Юлдашева Азаттыққа.

АБАҚТЫДАҒЫ ОН ЕКІ АЙ

Тілеубике Юлдашева 2020 жылдың қаңтарынан бері Қазақстанда тұрды. Өзбекстан билігі 2022 жылғы шілденің басында болған Нөкіс оқиғасынан кейін Юлдашеваға "конституциялық билікке нұқсан келтірмек болды" деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған.

2022 жылғы 13 қарашада Ақтөбе облысындағы "Жайсаң" шекара бекетінде Ресейге өтпекші болған Тілеубике Юлдашеваны Қазақстан билігі тоқтатып, қамаған. Ол бір жыл бойы Ақтөбедегі изоляторда отырды. Қапастағы әр күні өзін қазақ билігі Өзбекстанға беріп жібере ме деген үреймен өткен Тілеубикеге ол 12 айда тартқан жан азабы ешқашан бітпестей болып көрінген.

Тілеубике Юлдашева 2023 жылғы 13 қарашада қамау изоляторынан бостандыққа шықты.

Астана Юлдашеваны Өзбекстанға берген жоқ. Бірақ өздерін паналатуды сұраған Тілеубикенің және ол тәрізді 2022 жылы жазда Нөкісте үкіметке талабын жеткізбек болған бейбіт халыққа қолдау білдіріп, өз ой-пікірін ашық айтып жүрген өзге де қарақалпақ белсенділерінің өтінішін қанағаттандырудан да бас тартты. Бұдан кейін олардың тағдыры қыл үстінде тұрғандай еді.

2022 жылы Өзбекстан билігінің Конституцияға Қарақалпақстан автономиялы республикасын егемен статусынан айыруды көздейтін өзгерістер енгізу бастамасына наразы болған мыңдаған адам Нөкістің орталық алаңына шықты. Билік жаппай наразылықты қатыгездікпен басып-жаншыды. Ресми дерек бойынша, 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған.