Украина Қазақстаннан әскери оқ-дәрі шығаруға маманданған «Өркен әлем» компаниясынан Су-24 және Су-25 әскери ұшақтары үшін ПТК-6М және ПТК-25ск парашюттік тежеу жүйелерін сатып алу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Lenta.ru сайты хабарлады.
«Украина 2014 жылға дейін Ресейден сатып алынып келген парашют тежеу жүйелерін жеткізушілерді іздеуді жалғастырып отыр. Осы мақсатта украиналық «Укрспецэкспорт» компаниясы қазақстандық «Өркен әлем» компаниясымен байланыс орнатты», – делінген ақпаратта.
Дереккөздің хабарлауынша, қазір тараптар қажетті бөлшектерді шығаруды ұйымдастыру мүмкіндігін талқылап жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «аутрич»/»БРИКС+» пленарлық отырысында сөз сөйлеп, Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты елдің ұстанымын білдірген.
Президент атап өткендей, Қазақстан Қытай мен Бразилияның Украинаға қатысты бейбітшілік жоспарын қолдайды.