×
488.11
530.09
5.01
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
488.11
530.09
5.01

Небәрі 3 млн теңге! Қазақ тілді киноның табысы неге аз?

26.10.2024, 22:32
Небәрі 3 млн теңге! Қазақ тілді киноның табысы неге аз?
Әлеуметтік желіден

Голливудтық «Веном: Соңғы би» фильмінің Қазақстандағы орыс тіліндегі сеанстары бір тәулікте 141 миллион теңге, ал қазақ тілді нұсқасы бар болғаны 3 млн теңге жинаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙЫ

Мұндай көңіл түсірер жаңалықты блогер Диас және Айгерім Камеридановтер Instagram-дағы парақшасында бөлісті. 

«Сіздерге екі жаңалығым бар: бірі – жақсы, екіншісі – жайсыз. Жайсыз хабар екені соншалық, айтуға сөз таба алар емеспін. Жақсысынан бастайық. «Веном: Соңғы би» Қазақстандағы көрсетілімінің бірінші күніндегі қорытынды бойынша аяқ алысын сәтті бастады. Фильм кассасы 141 миллион теңге жинады. Бұл соңғы 3 жылдағы Sony Pictures фильмдерінің ішіндегі ең жақсы нәтиже. Ал енді қазақша дубляждағы нұсқаның табысы бар болғаны 3 миллионды құрады. Бұл жалпы билет құнының 2 пайызын ғана» деген ол қазақтілді азаматтарға ренішін білдірді.

ҚЫНЖЫЛЫС

Елде қазақ халқының үлесі 80 пайыз екенін және тәуелсіз Қазақстанда туған екі ұрпақ өсіп-жетілгенін алға тартқан ол қазақтілді киноның көрермен жинай алмай жүргеніне қынжылады.

“Кәсіби дубляж және фильмдерді аудару бастамасы Sony компаниясына тиесілі. Бар жағдай жасалған. Ал біздің көрермен кинотеатрға баруын барады, таңдау еркі тұрса да ана тілін менсінбей, орысша дубляжға билетті саналы түрде сатып ала салады. Қазақша дубляждағы фильмдерге бару арқылы олар фильм көріп қана қоймай, ана тіліне, мемлекеттік тілге қолдау көрсете алатынын ұғындыру үшін тағы не істеу керек? Халық түсінетіндей етіп қалай жеткізуге болады? Бұл қазір шынымен маңызды мәселе болып тұр. Мүмкін мен бір нәрсені түсінбейтін шығармын? Не дұрыс емес?” дейді Камериданов.

Сондай-ақ пост иелері орысшаға қарағанда қазақша дубляждағы көрсетілімдер 10 есе аз болғанына байланысты кеше Алматыдағы кинотеатрлардың бірінде сеансқа 30 минут қалғанда көрсетілім тоқтатылғанын айтты.

ТІЛ ҮШІН АҚША ШЫҒАРУ

“Осыдан кейін, әрине, кинотеатрлар қазақша дубляждағы фильмдерді прайм-таймда көрсетпейді, өйткені бұл оларға тиімсіз. Оларға ақша керек. Бірақ бізге қазақ тілі керек. Алайда біз неге екені белгісіз, оған қаржы шығаруға дайын емеспіз”, дейді ол.

Блогер осы демалыс күндері «Веном: Соңғы би» фильмін көруге баратындарды қазақша дубляжға билет алуға шақырады