×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Бұрынғы иесі – экс-министрдің әйелі: Алматыда зәулім үй неше жылдан бері өтпей жатыр

28.10.2024, 16:16
Бұрынғы иесі – экс-министрдің әйелі: Алматыда зәулім үй неше жылдан бері өтпей жатыр
gosreestr.kz

Алматы мемлекеттік активтер басқармасы Қазақстанның Грузиядағы бұрынғы елшісі, бұрынғы сенатор әрі ішкі істер министрі болған  Бауыржан Мұхамеджановтың әйеліне тиесілі болған зәулім үйді электронды портал арқылы саудаға шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2003 жылы салынған үй Медеу ауданындағы Керей-Жәнібек хандар көшесінде орналасқан. “Үй қанағаттанарлық жағдайда емес” деп атап көрсетілген.

Үйдің жалпы аумағы 272 шаршы метр. Тұрғын жайы 117 шаршы метрді құрайды. Аукцион 5 қарашада өтеді. Үйдің бастапқы бағасы – 380 млн теңге. Ең жоғары баға ұсынған адам үйді сатып алады.

Бір айта кетерлігі, 2022 жылы да үй 265 млн теңгеден бастап аукционға қойылған. Алайда оны ешкім алмаған. Жыл өткен сайын өтпей жатқан үйдің бағасына баға қосылып бара жатқанын байқауға болады.

2004 жылы техникалық паспортта үй иесі Зарема Арыстанбекова Хайдарқызы деп көрсетілген. Ол қайтыс болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Хайдар Арыстанбековтің қызы.

БАҚ-қа жарияланған ақпаратқа қарағанда, Зарема Хайдарқызы Қазақстанның Грузиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып жұмыс істеген Бауыржан Мұхамеджановтың жары. Әр жылдары Мұхамеджанов жауапты мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарды: ішкі істер министрі, Маңғыстау облысының әкімі, премьер-министрдің орынбасары, президент әкімшілігі басшысының орынбасары, сенат депутаты болған.  

Қазір үй қаланың коммуналдық меншігінде. Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасына тиесілі.