АҚШ президенті Джо Байден АҚШ-тағы президент сайлауына мерзімінен бұрын дауыс берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
40 МИНУТ КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН
Шетелдік БАҚ мәліметінше, ол дауыс беру алдында шамамен 40 минут кезекте тұрған. “CBC News” мәліметі бойынша, Байден Уилмингтон қаласының маңында, Делавэр штатында дауыс берген. Ол демалыс күндерін осы қалада өткізіп, кейін Ақ үйге оралған.
«Кел, дауыс берейік», – деген Байден америкалықтарды сайлауға қатысуға шақырды.
Ол дауыс беру орнына өтіп бара жатып, сайлаушылармен амандасып, Сенатқа штат атынан өкіл болуға үміткер, Өкілдер палатасының мүшесі Лиза Блант Рочестермен бірге болды.
АҚШ-ТАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ
АҚШ президентінің сайлауы 5 қарашада өтеді, онда президенттікке демократтардан Камала Харрис пен республикашылдардан Дональд Трамп бақ сынайды.