×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Миллиардер Балушкиннен қалған «Азия-Авто» кәсіпорнының келешегі не болады

29.10.2024, 12:46
Миллиардер Балушкиннен қалған «Азия-Авто» кәсіпорнының келешегі не болады
Ulysmedia коллажы

Өскемендегі «Азия-Авто» кәсіпорнының келешегі не болады? Бұл сұрақ Үкіметте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МҮЛКІ БҰҒАТТАУЛЫ

Өскемендегі «Азия-Авто» кәсіпорны жұмысын тоқтатқан кезде сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов сот процестері өткеннен кейін басқа инвестор келетінін айтқан еді. Қанат Шаралапев экс-әкімнің сөзі үшін жауап бермейтінін атап өтеді.

– «Азия-Автоның» тағдыры туралы айтсақ, әр адам өз айтқан сөзіне жауапты ғой.  Әкімнің не айтқанын білмеймін, естімедім. Бірақ, әрине, осындай үлкен аумақ болса, үлкен ғимарат болса, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілсе, оны пайдалану керек. Бос қалдыруға болмайды. Дәл қазір бізде министрлік деңгейінде ешқандай инвестордың қызығушылығы жоқ. Бірақ өзіңіз білесіз, кәсіпорынға байланыс әлі сот жүріп жатыр. Сот аяқталғаннан кейін осы кәсіпорынның, ғимараттардың, жер телімдерінің иелерін анықтаймыз. Одан кейін осы кісілермен инвестор іздеуге тырысамыз», - деді Шарлапаев.

Ал министрліктің өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев қазіргі таңда кәсіпорынға тиесілі ғимарат пен инфрақұрылым бұғаттаулы тұрғанын айтады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен қаржыландырған банк жәбірленуші тарап ретінде сотқа қатысып жүр. Соттың шешімі әлі шықпаған.

БИЗНЕСМЕННІҢ СОТЫ

Өскеменде аталған компанияның иесі болған миллиардер Балушкинді сырттай соттап жатқанын Ulysmedia.kz бұған дейін хабарлаған болатын. Қылмыстық іс Өскемен қаласының №2 сотында қаралады. Бизнесменге қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Іс бойынша жәбірленуші – First Heartland Jusan Bank пен Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Анатолий Балушкинмен қатар, «Азия-Авто» бас директоры болған Ерік Сағымбаевқа айып тағылған. 

Анатолий Балушкинге қылмыстық кодекстің 190-бабы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша айып тағылған. Ерік Сағымбаев та 190-баппен қатар, 245-бап (салықтан жалтару) бойынша іске ілінген.

БАЛУШКИН ДЕГЕН КІМ

Балушкин 1970 жылы Өскеменде дүниеге келген. Бизнесін тоқсаныншы жылдары комбайндарды сатудан бастаған. Араға уақыт салып, ол Ресейден көлік әкеп сата бастады. Кейін Азия Авто мен БИПЭК Авто Қазақстан атты компания ашып, бақылаушы акционеріне айналды. Балушкиннің байлығы, сарапшылардың бағалауы бойынша бір жылдары 150 миллион доллардан асқан.

2017 жылға қарай Балушкин Үкіметпен келісім-шарт бойынша зауытты толық өндірістік циклі бар кәсіпорынға айналдыруы керек еді. Бірақ жеңілдіктер де, артықшылықтар да көмектеспеді. 2019 жылдың соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зауыт басшылығы келісім аясында талап етілетін дәнекерлеу және бояу цехтарын құрмады деп шағым түсірді. 2021 жылдың қаңтар айының соңында компаниядан мемлекет пайдасына 173,9 млрд теңге шығындарды өндіріп алу жөнінде шешім қабылданды. ИИДМ Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын қолдап, республикалық бюджет кірісіне шығынды өндіріп алуды талап етті.

Балушкиннің автоөндірістен басқа туризммен, саудамен, медиамен байланысты басқа да көп компаниясы болған.

2020 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Балушкин Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер қатарында 37-ші орында болған. 

2021 жылдың 12 тамызында Қаржы мониторингі агенттігі Балушкиннің іздестіру жарияланғанын және сот оны ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша сырттай қамауға алуға санкция бергені жөнінде ақпарат таратты.