Құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев заң бойынша Отбасы сияқты банк ашуға ешкімге тыйым салынбағанын айтып, мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін Отбасы банкін субсидиялайтынын мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАНК АШУҒА ЕШКІМ ТЫЙЫМ САЛМАЙДЫ
Шарлапаевтың айтуынша, заңнама ешкімге Отбасы банкіне ұқсас банк ашуға тыйым салмайды.
"Егер инвесторлар болса, заң бойынша мұндай банкті ашуға болады, сондай-ақ Отбасы банкімен қатар қызмет көрсете алады", – деді Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің басшысы.
ОТБАСЫ БАНКІНІҢ ҚАРЫЗДАРЫ
Ол Отбасы банкінде қарыздардың екі түрі бар екенін айтты – әлеуметтік бағыттағы және нарықтық қарыздар. Әлеуметтік қарыздар, ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталған. Шарлапаевтың сөзінше, нарық қағидаттарына сай жұмыс істейтін қарыздар бойынша қазақстандықтардың едәуір көп бөлігі қаражат жинап үлгерген әрі бұны “өте нарықтық құрал" деп атады.
"Заңнама банктерге осындай құралдарды пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жерде Отбасы банкінің мемлекет субсидиялайтын және субсидиялай беретін әлеуметтік құралдары бар екенін атап айту керек. Одан бөлек Отбасы банкінің нарықтық құралдары да бар және портфельдің көп бөлігі – осы нарықтық құралдар", – деді министр.
ӨЗДЕРІ ҚАЛАМАЙДЫ
Оның айтуынша, нарық ойыншылары Отбасы банкінің жағдайын қайта құрылымдай алады, бірақ өздері мұны қаламайды.
"Бізде жеке ойыншылардың тәбеті жоқ. Сондықтан біз Отбасы банкінің нарықсыздығы туралы осындай негізсіз мәлімдемелер жасаған кезде... Әрине, халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталған әлеуметтік өнімдер бар. Олар нарықтан төмен болады, мен адамдар баспанаға ақша жинауы үшін осындай бағыттардың нарықтан төмен және жеңілдік қарастыруын қадағалаймын", – деді министр.