Үкіметтің бүгінгі отырысы Қазақстанның отандық көлік өндірісі саласына арналды. Елде утилизациялық алым мәселесіне билік бірбеткей көзқарас танытқаннан кейін жұрт ендігі кезекте уәде етілген автоөндірісті, қолжетімді бағада жаңа көлік мінетін күнді күтіп отыр. Ал ол мақсатқа Үкіметтің жауапты адамдары қалай жетеді? Баяндамаларда баянды не айтылғанына шолу жасап, саладағы басты сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
САЛАДА ҚАНША АДАМ ЕҢБЕК ЕТЕДІ
Машина өндіру саласына Қазақстанда Қанат Шарлапаев басқаратын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты. Министр қазір ведомство алдында жаңа өндіріс орындарын ашу, жаңа технологияларды енгізу, кадр даярлауды күшейту және экспортты ілгерілету арқылы отандық машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттері тұрғанын айтады. Осылайша, билік тарапы 2028 жылға қарай отандық машина жасау өнімдерінің көлемін екі есе арттыруды жоспарлап отыр.
– Бүгінде елімізде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып, тұрақты өсім көрсетуде. Өз кезегінде, машина жасау саласы өңдеу өнеркәсібінің 20 пайыз үлесін алады. Саладағы 4 мыңға жуық компанияда 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Халықаралық трендтерге сәйкес, машина жасау саласында ашылған бір жұмыс орны қосалқы салаларда шамамен 7-8 жұмыс орнының пайда болуына әсер етеді. Осылайша, машина жасау саласын дамытудың негізгі артықшылықтарының бірі – оның зор мультипликативтік әсері. Осы жылдың 9 айында салаға шамамен 124 млрд теңге инвестиция тартылып, оның өсімі 2 есе болды. Өндіріс көлемі 3 трлн теңгені құрады. Машина жасау саласында ең үлкен үлесті автомобиль (39%), теміржол (13%) және электротехникалық машина жасау (9%) секторлары алады, – дейді министр.
БИЫЛ ҚАНША КӨЛІК ӨНДІРІЛДІ
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша елде 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылған. Қазақстанда отандық автомобильдердің CKD әдісімен өндірісін ұлғайтуға баса назар аударылады. Бұл – елде шығарылған автомобильдерде отандық компоненттердің үлесін арттыру деген сөз. Осы бағытта, шетелдік және отандық инвесторлар ел аумағында жаңа зауыттар салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, Changan, Haval, Chery автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын, бұл зауытта CKD әдісімен жылына 90 мың бірлік автокөлік шығарылады. Сонымен қатар, 200 млн долларлық KIA автомобиль зауытының құрылысы жүргізіліп, 150 млн долларға Geely, Exeed, КAIYI жеңіл автомобильдер өндірісі пысықталуда. Биыл Алматы қаласында мультимедиялық жүйелердің және автокреслолардың сериялық өндірісін іске қосу күтіледі.
ВАГОНДАР ЖАЙЛЫ
Теміржол машина жасау кәсіпорындары 423 млрд теңге сомасына өнім өндірген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп. Жыл қорытындысы бойынша жүк вагондарының өндірісін төрт есе, яғни 2000 бірлікке дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, 122 бірлік жолаушы вагондарын және 130 бірлік локомотив өндіру көзделген. Шарлапаев локомотив және вагондар өндірісі әлемдік Вабтек және Альстом компанияларының технологиясымен жолға қойылғанын айтып өтеді.
– Теміржол машина жасау саласының өсу әлеуеті зор. Мәселен, елдегі теміржол паркі шамамен 139 мың бірлікті құрайды. Оның орташа тозу деңгейі – 55 процент. Осыған орай, теміржол паркін жаңарту және импортты алмастыру мақсатында жаңа жобаларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, жылына 6 мың жүк вагондары мен цистерналар шығаратын «ТексолТранс» зауыты 2025 жылдың бірінші тоқсанында толыққанды өндірісін бастайды. 2025 жылы Астана қаласында «Штадлер» жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылады. «Семей машина жасау зауыты» жылына 600 бірлік жартылай вагон өндірісін ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізіп, «Railcast Systems» бандаж өндіру жобасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, жыл соңында Қостанай облысында пружиналар шығаратын зауыт іске қосылады деп күтілуде. Ал 2025 жылы «Востокмашзавод» орта және ірі вагон қаңқасын құюды жоспарланған, – дейді министр.
AMAZONE МЕН ZOOMLION ЕЛГЕ ТАРТЫЛДЫ
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы машиналары секторында соңғы 5 жылда өндіріс көлемі 4 есе өскен. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 5 мыңнан астам трактор мен комбайн өндірілген. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары отандық техникамен, оның ішінде әлемдік CLAAS, Horsch, Deutz Fahr брендтерінің Қазақстанда өндірілген заманауи техникасымен қамтамасыз етілген. Биыл әлемдік нарықтың көшбасшылары Amazone және Zoomlion компаниялары елге тартылған.
ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКАЛАР: ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЙСЫСЫ ӨНДІРІЛЕДІ
Қазір Қазақстанда өндірілетін отандық трансформаторлар, аккумуляторлар, конденсаторлар және кабельдік өнімдер жыл сайын ірі көлемде экспортқа шығарылады. Сонымен бірге, бұл тауарларға мемлекеттік және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында басымдық беру пысықталып отыр.
– Тоғыз айдың қорытындысы бойынша аккумуляторлар мен кабельдік өткізгіш өнімдер өндірісі орта есеппен 17 %-ға өскенін байқаймыз. Тауарлардың жаңа түрлерін игеру мақсатында энерго-тиімді трансформаторлар және өнеркәсіптік аккумуляторлар өндірісін жолға қою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Отандық өндірушілер ас-үй плиталарын шағын пештер, кір жуғыш машиналар, теле-дидар-лар, су жылытқыштар және шаңсорғыштар шығарады. Біз алдымызға әлемдік брендтер өндірісін елге тарту арқылы, халық тұтынатын тауарлар өндірісін арттыру міндетін қоямыз, – дейді министр.
БЕКТЕНОВ НЕ ТАПСЫРДЫ
Отырыста Үкімет басшысы Олжас Бектенов кейінгі бес жылда машина жасау үш есе өскенін, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 4 трлн теңгеден асқанын айтады. Былтыр машина жасау саласына шамамен 621 млн доллар тікелей инвестиция тартылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бүгінде Қазақстанда машина жасау өнімдерінің нарығы 31,6 млрд долларға бағаланады. Оның шамамен 16%-ы ғана отандық өндірістің үлесіне тиесілі.
– Сондықтан бұл саланың өсу әлеуеті өте жоғары. Экспортты дамытуда да мүмкіндіктер бар. Мен өңірлерге барғанымда көптеген машина жасау кәсіпорындарының жұмысымен таныстым. Біздің зауыттар әлемдік стандарттарға сай келетін өнімдер шығара алады. Отандық аккумуляторлар, трансформаторлар мен кабельдер, локомотивтер, автомобильдер мен автобустар – осының айқын мысалы. Аталған өнімдер сыртқы нарықтарға да шығып жатыр. Біз қай кезде де өзіміздің отандық өндірушілерді қолдаймыз. Бұл ретте экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуға тиіс. Біз қазақстандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеуіміз қажет. Бүгінде Еуразиялық одақ нарығында машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі орта есеппен 141 млрд долларға бағаланып отыр. Осы нарықтағы үлесімізді одан әрі ұлғайтуымыз керек, – дейді ол.
Қазір Үкіметтің алдында локализациялау үлесі жоғары өндіріс циклін құру міндеті тұр. Сол бағытта автомобиль жасауда кластерлік өндірісті дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жанама салалардың өсуіне қуатты серпін береді және бүкіл сектор үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Автокомпоненттер шығару белсенді дамуда, сондай-ақ жаңа автозауыттар салынуда.
– Өнеркәсіп министрлігі автомобиль жасау саласындағы жобаларды тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешуге тиіс. Сонымен қатар экспортты кеңейтуі қажет, – дейді Бектенов.
Үкімет басшысы отандық өндірушілерді қолдау үшін бірқатар машина жасау тауарларына мемлекеттік сатып алудан алып қоюларды белгілегенін айтады. Осыған қарамастан, мердігер ұйымдардың жасырын түрде импорттық тауарларды сатып алу фактілері жалғасуда. Осы ретте Бектенов Өнеркәсіп және Қаржы министрліктеріне жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі отандық үлес талаптарының орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырды.
– Екіншіден, жабдықтардың тозу деңгейін төмендету қажет. Машина жасауда бұл көрсеткіш орта есеппен 40%-ға жуықтайды. Машина жасау кәсіпорындары өндірісті жаңғыртып, тауарлардың жаңа түрлерін шығару үшін жеңілдікті несиелермен қамтамасыз етілуге тиіс. Өнеркәсіп, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне және «Бәйтерек» холдингіне мақұлданған қаржы-экономикалық негіздемелер шеңберінде машина жасаудағы жобаларды қосымша қаржыландыруды тапсырамын. Үшіншіден, «Самұрық-Қазына» қоры және оның еншілес ұйымдары – отандық машина жасау саласы өнімдерінің ірі тұтынушыларының бірі. Осы жылдың қорытындысы бойынша холдингтің сатып алу рәсіміндегі жергілікті қамту үлесін 82%-ға дейін ұлғайту күтілуде. «Самұрық-Қазына» қорына 2025-ші жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 89%-ға дейін арттыруды тапсырамын. Кәсіпорындарды қолдау үшін әрі қарай да офтейк және ұзақ мерзімді келісімшарттар механизмін пайдалану керек, – дейді ол.
Бектенов машина жасау саласы өнеркәсіптің өсуіне мультипликативтік әсер береді деген сенімде.