Нигерияда су тасқынынан 34 штат, 217 елді мекен, 1,4 млн-ға жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Daily Trust басылымының мәліметінше, су тасқыны мемлекет және жеке меншік иеліктерге айтарлықтай шығын әкелген. 280 мыңнан астам тұрғын үй мен 258 мың га егіс алқабы бүлінген.
2024 жылы апат әдетте жауын-шашын мол түсетін елдің оңтүстігінде ғана емес, сонымен қатар құрғақ және шөлді солтүстікте де ойран салған. Болашақта су тасқынының осындай ауыр зардаптарын болдырмау үшін билік Нигерияның өзендері, көлдері және басқа да су қоймаларын түгендеуді бұйырды.
Жаңбырлы маусымның аяқталуы Батыс Африканың көптеген елінде бұрын-соңды болмаған су тасқынына әкелді. Нигерия, Чад, Мали, Гвинея, Нигер, Камерун, Гана және Либерияда 4 млн-нан астам адам зардап шеккен.
Сарапшылар жойқын су тасқынының себептерін жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр. Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ХҚКК) мәліметінше, Сахельдегі орташа температура басқа елдермен салыстырғанда бір жарым есе жылдам көтеріліп отыр.
Естеріңізде болса, бұған дейін Испанияда тасқыннан көз жұмғандар саны 200-ден асқанын хабарлағанбыз.