Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты А.-ға қатысты кәмелетке толмаған қызды зорлау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасау фактілері бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАБЫҚ СОТ
Істің мән-жайын заңмен жария ету мүмкін болмағандықтан, іс жабық сот отырысында қаралды. Сотта прокурор күдіктіні 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Кәмелетке толмаған жәбірленуші А. мен оның заңды өкілі прокурор пікірімен келісті.
КІНӘСІН МОЙЫНДАДЫ
Сотталушы А., кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінген. Оның адвокаты соттан ауруына байланысты жазаны өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін шешу үшін куәландыруды тағайындауды сұрады.
А.-ның кінәсі сот-медициналық сараптамаларының қорытындысымен, жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сотталушының өзінің кінәсін мойындауымен және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдермен дәлелденді.
ЖАЗА
Қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады, ол үшін негізгі жаза ретінде 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.
ҚК-тің 75-бабының 4-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты жасаған адамдарға ауруына байланысты жазаны өтеуді кейінге қалдыру қолданылмайды.
Істің мән-жайын және А.-ның жеке басын ескере отырып, оған түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ А. өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.