Қазақстандық штанга көтеруші Арли Чонтей Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын алды деп хабарлайды Ulysmedia.
Ол 55 келіге дейінгі салмақ санатында қара үзіп, алты талпыныстың барлығын бағындырды. Отандық спортшы жұлқа көтеруде 118 келіге қиналмаса, кеудеден серпе көтеруде де таза өнер көрсетіп, 142 келіні қосқанда, қорытынды ұпайда 260 кг нәтижемен жеңіске жетті. Одан кейін таиландтық (жалпы алғанда 256 келі көтерді) және болгариялық зілтеміршілер (нәтижесі 254) екінші және үшінші орынды бөлісті.
Көрші елде бастау алып, 80-нен астам елден 500-ге жуық спортшы 10 салмақ бойынша қатысып жатқан жарыста Қазақстан құрамасынан 29 жастағы Арлиден тыс, Нұрғиса Әділетұлы мен Артем Антропов, Карина Құзғанбаева мен Айзада Мүптілдә бағын сынамақ. Әлемдік дода 17 желтоқсанға дейін жалғасады.