×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

"Біз тағы майданға шықтық". Киногерлер "Қазақфильм" мәселесімен президентке үндеу жолдады

03.11.2024, 17:56
"Біз тағы майданға шықтық". Киногерлер "Қазақфильм" мәселесімен президентке үндеу жолдады
Видео кадры

"Алматы әкімшілігі, "Қазақфильмнен" тарт қолыңды!". Дәл осындай ұранмен отандық киногерлер президентке үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы белгілі танымал қазақстандық кинорежиссер, әнші, композитор, өнертанушы Ерлан Төлеутай Facebook-тегі парақшасында жариялады..

“Біз тағы майданға шықтық. Біздің бұл майданымыз ұзақ жылға созылған қазақ – қалмақ соғысына ұқсайды. Жиырма жылға созылған бұл соғыста "қалмақтар" (Назарбаевтар) жыл сайын шабуыл жасайды, "қазақтар" (киногер қауым) үнемі жанқиярлықпен қорғанамыз. Біздің қамал-қорғанымыз – "Қазақфильм" киностудиясы. Қорғана жүріп, тұтқиыл, шабуылдарға шығу арқылы біз мұздай қаруланған (әкімшілік, қаржылық, күштік құрылым ресурстарымен қаруланған) "қалмақ қолын" әлденеше рет қирата жеңдік”, деді Е.Төлеутай әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ өнертанушы осы жылдар ішінде көп әскері (коллективіміз) шығынға ұшырағанын да жаза кетті.

“Қазір 3000 адамнан 130-ақ адам қалды. Дегенмен әлі соғыса береміз. Түпкілікті жеңіс біздікі болмақ! "Қалмақтарды" Жоңғар Алтауынан асырып қуып тастайтын кез келеді. "Қазақфильмде" қазақ туы мәңгілік желбіреп тұрмақ!”, дейді Е.Төлеутай Facebook-тегі жазбасында.

Бір топ киногерлер үндеуді жария ету мақсатында “Қазақфильмнің” алдына жиналды. Ал оларды студияның қақпасы алдында мұздай қаруланған қарулы күзет қарсы алған.

 “Біздің мұнда жиналудағы мақсатымыз – келісім бойынша біз “Қазақфильмнің” ішінде киногерлер, ақсақалдар жиналып, қазіргі ұлттық кино саласындағы, жалпы “Қазақфильмдегі” ахуалды талқылауымыз керек болған. Бірақ кеше киностудия президентінің міндетін уақытша атқарушы Айдар Омаров бізді кіргізбейміз деп, шлагбаумды жауып қойыпты. Ішке кіре алмағандықтан бұл жерде митинг ұйымдастыру ойымызда жоқ. Сол себепті Қазақстан Республикасының президентіне видео-Үндеу жолдайын деп шештік”, деді Ерлан Төлеутай “The Qazaq Times” YouTube арнасының тілшісіне берген сұхбатында.

Кинорежиссер Үндеу жолдаудағы басты көзделген мәселені де айта кетті.

“Мұнда болып жатқан бассыздықтардың бір де біреуі Ақордаға жетпей жатыр. Хат жазып жатырмыз, мәселе шешілмейді. Мұндағы біліксіз басшылар бассыздықпен айналысып отыр. Олар мойындарына ешқандай тарихи жауапкершілік алып отырған жоқ. Олар Рысқұлов көшесіндегі жалға беріп, біздің табыс көзіміз болып отырған Кинопрокат үйін жалға алып отырғандарды қуып шығып, ол нысанды Алматы қаласы әкімдігінің меншігіне өткізіп бермекші”, дейді Е.Төлеутай.

Ол бұл тірліктің басы-қасында жер сатып алушы лоббилік топтар тұр деп пайымдайды. Себебі киностудияны айнала жер қалдырмай қоршап келе жатқанын жеткізді. Е.Төлеутайдың айтуынша, сөйтіп олар “Қазақфильмнің” де жерін сатып алмақ ойлары бар көрінеді. Егер “Қазақфильмнің” жыртығына жамау болып отырған бұл нысанды сататын болса, онда онсыз да банкрот болуға жақындап қалдған киностудияны одан сайын тақырға отырғызатынына киногерлер қатты алаңдап, ашуға булығып отыр.

Еске сала кетсек, кеше «Қазақфильм» киностудиясы әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы кездері БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттарға байланысты мәлімдеме жасаған. Онда «Қазақфильм» киностудиясы жер учаскесі сатылмайтынын мәлімдеді.