×
524.65
552.19
5.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.65
552.19
5.14

«Ол жазықсыз қамалып кетті»: Хасан Қасымбаевтың анасы мен әйелі президентке жүгінді

04.11.2024, 15:36
«Ол жазықсыз қамалып кетті»: Хасан Қасымбаевтың анасы мен әйелі президентке жүгінді

Талғардағы ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі делінген Хасан Қасымбаевтың ұсталғаны ресми расталғаннан кейін оның туған-туыстары Қонаев қаласына Алматы облыстық полиция департаментінің алдына жиылды. Олар Қасымбаев жазықсыз қамауда отыр деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АНАСЫ МЕН ӘЙЕЛІ НЕ ДЕЙДІ

– Менің баламның ісін әділетті шешіп беруіңізді сұраймын! Өз қарамағыңызға алып, анықтасаңыз екен. Баламды жазықсыздан жазықсыз қаралап отыр. Ешқандай кінәсі жоқ. Департаментке сол үшін келіп отырмын. Сол кісілерден жауап күтемін, – дейді Хасан Қасымбаевтың анасы Гүлнар Нұракенова президентке жүгінген кезінде.

Ал оның әйелі Зүлфия Қасымбаева күйеуін тергеуге алғандарға былай деді:

– Ол білетін, танитын адамдармен барып, сөйлесіңіздер. Жұмыстарыңыз сол ғой!? Ол қандай адам екенін сұраңыздар. Ол туралы жаман сөздер жазбас бұрын біліп алыңыздар. Біздің отасқанымызға 15 жыл болды. Ол үш баланың әкесі. Балаларға қаншалықты психологиялық қысым жасалып жатқанын білсеңіздер ғой.

Оның ешқандай ОПГ-ға қатысы жоқ. Өз шаруашылығы бар. Малы бар. Үлкен бетон зауыты бар. “Біреу айтты да, қалғанының бәрі шулап кетті. Кімге керек бұл? – дейді ол.

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ХАБАРЛАМАСЫ

Алматы облысы полиция департаменті таратқан ақпаратқа қарағанда 2021 жылғы маусымда А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, сол кісіні ұрлады деген күдікпен бес азамат ұсталған. Оларды Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот соттап, қазіргі уақытта қылмыскерлер жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жатыр.

ЖАҢА ДЕРЕК

Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде, жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылдың 2 қарашасында Қ. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстардың барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жалғасуда, делінген ПД хабарламасында.

Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілген.

Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы 16 жастағы Шерзаттың қазасынан кейін қаладағы бұзақылық, қылмыстық істердің артында тұрған басты адам, “Хутор” ҰҚТ-ның жетекшісі ретінде айтыла бастады. Алайда ресми органдар мұны терістеп, Талғарда ешқандай қылмыстық топ жоқ, аталған оқиғалар бойынша күдіктілердің Хасан Қасымбаевпен байланысы анықталмады деген. Хасан Қасымбаев та көпшілікке үндеу жолдап, өзінің қандайда бір қылмыстық әрекеттермен байланысын жоққа шығарған. “Хасанды” қорғап үндеу жасаған ауылдастары оны қайырымды, ауылға, мұқтаж адамдарға белсене қол үшін беретін адам ретінде сипаттаған. Жуырда қоғамдық резонансқа айналған істен кейін Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылған.