Алматылықтар жер тербелісін сезді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«ҚР ТЖМ «Сейсмологиялык зерттеу институты» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2024 жылғы 5 қарашада Астана уақытымен 10 сағат 01 мин Алматы облысы мен Алматы қаласында жер сілкінісін тіркеді. Зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет түскен жоқ» делінген ресми хабарламада.
Жер сілкінісі ошағы Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 км жерде болған. Қуаты Алматыда 3 балды көрсеткен. Талғар, Есік қалаларында 4 балға дейін байқалған.
Тербеліс бірнеше қабатты ғимараттарда да, жер үйлерде сезілген.
НҰСҚАУЛЫҚ
ТЖМ жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадамды жариялады:
1. Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз;
2. Жер сілкіну кезінде лифт және баспалдақты қолданбаңыз;
3. Жиhаздан, терезеден ары тұрыңыз;
4. Жасырынатын жерді табыңыз – жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалардың бұрышынан орын алып жасырыныңыз;
5. Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда); – көп қабатты үйлерде ғимараттан жер сілкісі аяқталған соң шығыңыз;
6. Кетер алдында суды, газды, электр қуатын мүмкіндігіңізше өшіріңіз;
7. Дабыл жол сандығын алыңыз (алдын ала дайындау қажет);
8. Электр желілерінен, ғимарат, ағаштардан аулақ болыңыз;
9. Қайта сілкініске дайын болыңыз;
10. Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.