×
489.36
533.45
4.99
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.36
533.45
4.99

Мың теңге қарызы бар адамдар да банкроттыққа өтініш беріп жатыр

Бүгін, 12:22
Мың теңге қарызы бар адамдар да банкроттыққа өтініш беріп жатыр
Ulysmedia коллажы

Банкроттыққа өтініш білдіргендердің ішінде ең көп қарызы бар азаматтың 2 млрд теңге берешегі бар екені анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АХМЕТОВ НЕ ДЕЙДІ

Банкроттыққа өтінім бергендердің қарыз сомасының орташа мөлшері қанша? Банкроттыққа өтінім бергендердің ішінде қарызы ең көп және ең азы қанша? Бұл сұрақ Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағаның орынбасары Сейілжан Ахметовке қойылған.

– Орташа сома бізде 1 мың теңгеден 2 млрд теңгеге дейінгі аралықта, – деп жауап берді Сейілжан Ахметов. 

Комитет өкілінен сонымен қатар, банкрот болған азаматтардың қарызы несиесін адал төлеп жүргендердің мойнына жүк болып түспей ме деп те сұраған. Ол “жоқ” деп жауап берді.

– Несиені берген кезде қаржы ұйымдары белгілі бір деңгейде тәуекелге барады. Сол себепті, қаржы ұйымдары банкрот болғандардың қарызын өзі жабады. Жалпы халыққа ол еш әсер етпейді. Иә, үлкен сомалар бойынша қаржы ұйымдары олармен соттасады. Бұл бағытта кейбір істерде түпкілікті шешім қабылданған жоқ, – дейді ол.

ҚАНША АДАМ БАНКРОТТЫҚҚА ӨТІНІШ БЕРДІ

Тиісті заң күшіне енген 2023 жылдың 3 наурызынан 2024 жылдың 2 қарашасына дейін Қазақстанда 131,3 мың адам банкроттыққа өтініш білдірген. Оның ішінде 17,8 мың адамның өтініші мақұлданып, олардың 40,9 млрд теңгеге қарызы кешіріліп, олар банкрот деп танылды. 96 мыңнан астам адамның өтінішін орындаудан бас тартылды. Себебі біреудің мүлкі бар болып шықса, екіншісінің қарызы банкрот деп танырлық сомадан асып кеткен. Қазір өтініш қалдырған 8,4 мың адамның құжаттары қаралып жатыр. 215 адам берген өтінішін кері қайтарып алған.

ЖАҢА ЕРЕЖЕ

2024 жылдың 16 қыркүйегінен бастап банкроттыққа өтінім берудің жаңа ережесі күшіне енген. Енді азаматтарға бұрынғыдай банкрот екенін дәлелдейтін құжаттарды жинап, оны eGov.kz порталында тіркеудің қажеті жоқ. Яғни, банкрот болудың жолдары жеңілдеді. 2023 жылдан бері банкроттық туралы заң күшіне еніп, қоғамда көп талқыға түскен. «Банкроттыққа үйрену» кезеңінен Мемлекеттік кірістер комитеті «жақсы өттік» деп есептейді. 2023 жылдың 3 наурызынан бері елде 16 мың азамат банкрот болып танылған. Яғни, азаматтар бұл заңның игілігін көрген. Олардың 53 млрд теңгелік міндеттемесі тоқтатылған.

Қазіргі таңда қазақстандықтан онлайн және офлайн режимде банкроттыққа өтінім бере алады. Онлайн режим eGov.kz порталы арқылы жүзеге асады. Ол үшін электронды қолтаңба ғана қажет. eGov.kz порталында іздеу жүйесінен «соттан тыс банкроттық процедурасын қолдану» деген қызметті таңдау керек. Ол жерде «қарызым бар», «жеке мәліметтерді ашуға рұқсат етемін» және «банкроттық деп тануды сұраймын» деген батырмаларды басу керек. Бұрын азаматтар банкроттыққа өтінім бермес бұрын қарызын өтеуге тырысуы, құжат жеткізуі талап етілетін. Қазір ондай талап жоқ. Портал қосымша құжаттарды сұрамайды.