×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жәрдемақылар мен төлемдер. 1 қаңтардан бастап не өзгереді

05.11.2024, 12:51
Жәрдемақылар мен төлемдер. 1 қаңтардан бастап не өзгереді
ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылы елімізде жәрдемақы мен төлемдердің өсімі қалай өзгеретінін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, республикалық бюджет есебінен келесі жәрдемақылар мен төлемдер өседі:

- бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
- бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде 18 жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (жиырма үш жасқа дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін, сондай-ақ кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы;
- азаматтардың жекелеген санаттарына тағайындалатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
- асыраушысынан айырылу жағдай бойынша және мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақы;
- жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды әрі ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы;
- еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер.

2025 жылдың басынан аталған жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға артады. «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес, жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты өседі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жыл сайын 5%-ға индекстеледі, – делінген Еңбек министрлігінің жауабында.