×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

«Еститін үкіметке сәлем деңіздер». Белгілі продюсер қазақ тілді оқушылардың мәселесін айтты

08.11.2024, 11:04
«Еститін үкіметке сәлем деңіздер». Белгілі продюсер қазақ тілді оқушылардың мәселесін айтты
ашық дереккөз

Белгілі продюсер Айсәуле Әбілда Қазақстан қоғамында қазақ тілді оқушылар екінші сортта деп санайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Неше күннен бері халықаралық жетістікке ертерек жеткен жастардың, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарының, әлемдік үздік университетке түскендердің 3-4 сағаттық сұхбаттарын ерінбей тыңдап жүрмін. Көбі орыс тілді, ашығын айту керек. Бәрі десем, мысалға келтіретін 1-2 баланы айтып ақтарсыздар, бірақ шындықтың аты шындық қой. Оларға ақпарат деген ерте жетеді және өте көп, сосын сенімділік деген ұрып тұр. Тіпті, бірді-екілі қазақ тілді бала шетелден шақырту алғанның өзінде әке-шешесінің жіберетін ақысы да жоқ болған, себебі ақша, билік тағы да орыс тілді қоғамда. Байдың баласы бай болатын секілді, шетелге де бірінші болып солар кетіп, көкжиегін солар бірінші кеңейтіп, таза қазаққа ақылды солар айтады. Қасқа таза қазақтың баласы-ай, – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Оян, қазақ», «Ахмет – ұлт ұстазы» қатарлы фильмдердің продюсері орыс тілді азаматтардың өз-өзіне сенімділігі туралы айтты.

Енді бар жанымыз бен тәніміз қазақ бізден туған бала да табиғи түрде орыс тіліне өзінен-өзі икемсіз болып өседі емес пе? Қазір сол балалардың олимпиадаға дайындалып, қатысып, оқуға түсетін уақыты тақап қалды. Ал оларды дайындайтын баяғы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы не солардың тәрбиелеген ұрпағы, яғни орыс тілді қыз-жігіттер. Олар орысша білімін алып, сенімділігі ұрып, шетеліне барып, елге келгенде шапан киіп, “шолпы - это …” деп бірдеңе айта қалса, біз деген ауызымызды ашып, көзімізді жұмып, ах ұрып жатырмыз емес пе?! Сонда табиғи түрде қазақ тілді баланың сенімділігі мен дайындығы бәрібір орыс тілінде өзін судағы балықтай сезінетіндерден төмен болмақ. Осындай status quo-дан балаларын орыс тіліндегі мектепке беретіндердің саны артып отыр (кеше соңғы 8 жылда 70% өскен деп көріп қалдым). Қазақ тілінің мәселесін көтергенде тұрмыстық тіршіліктің айналасында қалып қаламыз, алайда мәселе одан тереңде ғой, оны “кімге барып, кімге айтып, кімге барып өтінем?!” – дейді Айсәуле Әбілда.

Ол бұл мәселенің «тым тереңдеп кеткенін» айтады.

Бұл мәселе жақын арада шешімін таба қоймас, алайда “естуші үкіметке” үнім жетіп жатса, дәл қазір таза қазақ тілді балаларды ерте халықаралық олимпиадаға дайындаудың, шетелде оқуының бар жағдайын жасау керек, грант бөлсін, жеке бақылауға алсын, білмеймін, әйтеуір бір жолын тауып, оларды да осы жетістік жолына ерте қосу керек – деді продюсер.

Жақында Айсәуле Әбілда отбасымен шетелге көшіп кеткені жайлы жазғанбыз.