2024 жылдың қазан айында Қазақстанда бірнеше температуралық рекордтар тіркелді. Олардың кейбірі жүз жылға жуық уақыт сақталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖЫЛЫ АУА РАЙЫ
Қазан айының басында ауа райы жылы болып, температура +30 градусқа дейін жетті. Мысалы, 7 қазанда Ақтауда температура +27,4 градусқа көтеріліп, 1994 жылғы рекордты (+27,1 градус) жаңартты. Атырауда да +28,1 градусқа жетіп, 2008 жылғы +26 градус көрсеткішінен асты. 9 қазанда Қостанайда (+24,2 градус), Көкшетауда (+23,5 градус), Екібастұзда (+23,7 градус) жаңа рекордтар тіркелді.
100 ЖЫЛДЫҚ СУЫҚ РЕКОРДЫ
Ай ортасында елге салқын ауа массалары келіп, минималды температуралар бойынша рекордтар орнатылды. 13 қазанда Қостанайда температура -10,2 градусқа дейін төмендеп, 1924 жылғы -9,2 градус рекордын жаңартты. Көкшетауда 13 және 14 қазанда сәйкесінше -11,5 және -13 градусқа жетті.
АСТАНАДАҒЫ БОРАН
Қазанның соңында температура тұрақталғанымен, солтүстік аймақтарда қар аралас жаңбыр, кей жерлерде қатты жел мен қар жауды. Астанадағы қарлы боран көлік қозғалысын қиындатып, 10 балдық кептелістер туғызды. Ішкі істер министрлігі ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерді жол қауіпсіздігін күшейтуге шақырды. «Қазгидромет» дауылды ескерту жариялады, республикалық кейбір автожолдарда қозғалыс шектелді.