Солтүстік Қазақстан облысында жеңіл көлік үйіндіге соғылып, үш айлық нәресте шетінеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жол апаты Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында жергілікті маңызы бар тас жолдағы Арай ауылының маңында болған. Оқыс оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, үш адам түрлі дене жарақаттарын алған.
“ВАЗ-2107 автокөлігінің 40 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, үйілген үйіндіге соғылған. Медициналық мекемеге барар жолда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 2024 жылы туған сәби алған жарақаттарынан қайтыс болды. Жүргізуші мен тағы екі жолаушы орталық аудандық ауруханаға жатқызылды”, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қажетті сараптамалар мен сотқа дейінгі іс жүргізу үшін қажетті материалдарды жинап жатқаны хабарланды.