×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Жітіқарада өртенген бес бала: дәл сондай осал топтағы жүз мыңнан астам үй есепте тұр

12.11.2024, 10:19
Жітіқарада өртенген бес бала: дәл сондай осал топтағы жүз мыңнан астам үй есепте тұр
ашық дереккөзден

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, жеке тұрғын үй секторының бақылауы министрліктің құзырына жатпайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ӘРІНОВ НЕ ДЕЙДІ

Үкіметке келген Шыңғыс Әрінов жеке тұрғын үй секторы министрліктің бақылауына жатпайтынын айтады.

– Тек аула аралау кезінде ұсыныстармен ғана шектелетінімізді атап өткім келеді. Оған қоса, көп жағдайда халық үйлеріне бас сұқтырмай, кеңес алудан бас тартады. Соған қарамастан, азаматтарды өрт қауіпсіздігі шаралары туралы SMS-хабарламалар, үйлер мен мүлік иелерінің бірлестіктерінің чаттары арқылы хабардар етіп отырамыз, – дейді министр.

Сонымен қатар, көп қабатты тұрғын үйлер мен адамдар көп жиналатын нысандарды пайдалануға қабылдау өкілеттігін министрлікке беру мәселесі шешіліп жатыр.

Статистикаға сүйенген министр адам өлімінің негізгі себептеріне жылыту жүйелерінің істен шығуын жатқызады.

– Атап айтатын болсақ, пеш конструкциясындағы ақау, олар негізінен халықтың әлеуметтік осал санатындағы үйлерге (көп балалы отбасылар, мүгедектер, жалғызбасты қарттар және әлеуметтік жағдайы төмен адамдар) тиесілі. Көбінесе осы санатта балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру себебінен, балалар өлімі орын алады. Осындай оқиғаның бірі, Жетіқара қаласында 11 қазанда болды, өрт салдарынан үйде қараусыз қалған бес бала қаза тапты. Аталған фактілерді ескере келе, әлеуметтік осал топтарды Министрлік өзінің ерекше бақылауында ұстауда. Бүгінде есепте тұрған жүз мыңнан астам үй бар, – дейді ол.

ТЖМ қызметкерлері олардың барлығына әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп атаулы көмектер көрсетіледі, өрт датчиктері орнатылып, жылу беру жүйелеріне мүмкіндігінше тазалау және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылдан бері 107 мыңнан астам датчик орнатылған. Олар адамды улы газдан болатын қауіп туралы алдын ала ескерту мүмкіндігін береді. Өрт датчиктерінің іске қосылған 55 жағдайы тіркеліп, соның арқасында 248 адамның өмірі аман қалған.