×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Монғолия мен Қытайдан келген этникалық қазақтар саны рекордтық көрсеткішке жетті

12.11.2024, 16:02
Монғолия мен Қытайдан келген этникалық қазақтар саны рекордтық көрсеткішке жетті
Коллаж Ulysmedia.kz

2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қытайдан Қазақстанға тұрақты мекенге 1451 адам, ал Монғолиядан 1088 адам көшіп келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

 

DataHub телеграм арнасының жазуынша, бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен үш есе артық, өсім тиісінше 177% және 172%-ды құрайды.

Қытайдан келген қандастар саны 2017 жылдан бері ең жоғарғы деңгейге жетсе, Монғолиядан келгендер арасында мұндай көрсеткіш 2011 жылдан бері байқалмаған.

Қазақстаннан Қытай мен Монғолияға қоныс аударғандардың саны аз, сондықтан миграциялық сальдо оң болып тұр.

КЕЛУШІЛЕР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

– Қытайдан да, Монғолиядан да келгендердің барлығы дерлік қазақ ұлтынан (98% және 99% ).
– Қытайдан келгендердің жартысы Астана немесе Алматы қалаларына, тағы 20%-ы Алматы облысына қоныстанған.
– Монғолиядан келгендердің көбісі Ақмола облысына (33%) қоныстанса, қалғандары Астанаға (23%) және Алматыға (13%) орналасқан.

2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстанға жалпы 20,4 мың адам келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,5% артық. Ал елден кеткендердің саны шамамен 10,2 мыңды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға төмен. Нәтижесінде, миграциялық сальдо 59%-ға өсіп, 10,2 мың адамды құрады.

ХАЛЫҚ САНЫ

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 қазандағы жағдай бойынша елдегі халық саны 20 223 218 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 704 977, ауыл тұрғындары – 7 518 241 адам. Тоғыз айда халықтың жалпы өсімі 189 376 адамға жетті.

2024 жылдың 9 айында Қазақстанда 278,7 мың бала дүниеге келді, қайтыс болғандар саны – 99,5 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 179,2 мың адамды құрады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШ БАСТАП ТҰР

Туудың ең жоғары деңгейі Түркістан облысында (1000 тұрғынға 25,04 адам), Маңғыстау облысында (24,84) және Шымкент қаласында (23,68) байқалды.

Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында (1000 тұрғынға 11,52), Шығыс Қазақстан облысында (11,32) және Қостанай облысында (10,12), бұл осы облыстар халқының жас құрылымына байланысты.

Алғашқы жарты жылдың ішінде 95 ​​мың неке қиылып, 29,3 мың ажырасу тіркелген.