×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

Балалар өзіне берілген көрімдікті болашақта оқуына жинай алады

13.11.2024, 10:59
Балалар өзіне берілген көрімдікті болашақта оқуына жинай алады
massaget.kz

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов "Келешек" бағдарламасы бойынша жиналған ақшаны Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаражатпен бір шотқа қосуға болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕШЕНҚҰЛОВ НЕ ДЕЙДІ

Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық қордан бөлінген қаражаттар мен “Келешек” бағдарламасы арасында байланыс болады. “Келешек” жүйесі қосымша қаржыландыру құралы ретінде қарастырылады. Дегенмен дәл осы шотқа Ұлттық қордан немесе басқа жинақ қорлардан қаражат аударамыз дегендер болса, барлығын бір шотқа біріктіруге болады. Бірақ бұл негізгі шарт емес.

– Өткенде талқылау барысында мынадай бір қызықты сұрақтар болды. Соның ішінде бірі – балаларға әртүрді сыйақы ретінде көрімдік ретінде қаражатттар беріліп жатады. Сол ақшаны сол жаққа жинауға бола ма? Әрине, балалар өзінің “Келешек” шотына көмектесем деген азаматтардың ақшасын жинап, қорларын ұлғайтуына да мүмкіндігі бар, – дейді ол.

“КЕЛЕШЕК” БАҒДАРЛАМАСЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырған еді. Бағдарлама жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік береді деген үміт бар. 

Бағдарлама қазіргі «AQYL» депозитіне ұқсайды. Бірақ басты айырмашылығы – баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады. «Келешекке» барлық балалар қатыса алады, ешқандай жас шектеуі жоқ. Салымдар немесе сақтандыру шарттары кез келген жастағы балаға ресімделуі мүмкін. 5 жасқа толған балаларға бюджеттен бір рет есептелетін бастапқы білім беру капиталын қоспағанда, барлық тиісті төлемдер ұсынылады. Бұл бағдарлама ерікті жүйе болғандықтан  шоттарды автоматты түрде ашу жоспарланбайды. 

“Келешек” бағдарламасы бойынша жиналған қаражатты 18 жасқа толған азамат оқуына, үй сатып алуына жұмсай алады. Қаражат жеткіліксіз болған жағдайда жеңілдетілген кредит беру, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша қаражат, ішінара білім беру гранты сияқты мемлекеттік қолдаудың өзге де шараларын алуға мүмкіндік болады. Бұл ретте «Келешек» жүйесіне қатысушылар үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары тарапынан оқу ақысына жеңілдіктер берілетін болады.