×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«ҚазМұнайГаздан келсін, сөйлесеміз». Жаңаөзенде жұмысшылар ереуілі жалғасып жатыр

«ҚазМұнайГаздан келсін, сөйлесеміз». Жаңаөзенде жұмысшылар ереуілі жалғасып жатыр
Коллаж Ulysmedia.kz

Жаңаөзендегі "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" компаниясының жұмысшылары үшінші күн қатарынан ереуілдетіп тұр. Ulysmedia.kz тілшісімен сөйлескен қызметкерлердің бірі “талабымыз орындалмайынша, жұмысты жалғастырмаймыз” дейді.

"Бұрғылау жұмыстары басқармасы" компаниясында оператор болып істейтін Мұратбай Жұмағалиев бұл жолғы ереуілдегі талаптар жаңа талаптар емес, осыған дейін қойылған, басшылық тарапынан шешу уәде етілген талаптар екенін айтады.

Оның сөзінше, бұған дейін ҚазМұнайГаздың басшылары қарашаға дейін талаптарын біржақты ететінін мәлімдеген.

“Олардан хабар болмаған соң, осылай жұмысты тоқтатып, ереуілдетіп жатырмыз” деді Мұратбай Ulysmedia.kz тілшісіне.

“БІЗ ШЕШЕ АЛМАЙМЫЗ, ЖОҒАРЫ ЖАҚ ШЕШЕДІ”

Компания жұмысшысының айтуынша, кәсіпорында 1250-дей адам істейді. Бүгінде бәрі жұмысты тоқтатқан.

Оларға алдымен “Өзенмұнайгаз” АҚ-ның бас директоры Жанболат Саймағанбетов келіп, қойылып отырған талаптарды орындай алмайтынын, оны шешу “жоғары жақ” – “ҚазМұнайГаз”-дың еншісінде екенін айтқан. Жұмысшылар “шеше алмасаң, жоғары жақты шақыр онда” деген.

Мұнан соң мұнайшыларға жергілікті әкімдік пен прокуратура қызметкерлері келіп, ереуіл заңсыз екенін ескертіп, тарауын сұраған.

Мұратбай Жұмағалиев “ереуілдетенімізді алдын ала ескерткенбіз” дейді

“ШЕШІЛГЕНГЕ ДЕЙІН ТҰРАМЫЗ”

Мұратбай Жұмағалиев компания қызметкерлері ҚазМұнайГаздың өкілдері жұмысшыларға келсін деп отырғанын жеткізді.

“Бізде бұрын 7 талап болған, екеуін орындау қиын деген соң 5-ке түсірдік. ҚазМұнайГаздан алдымызға келсін, сөйлесеміз, келісеміз. Аспандағы айды сұрап жатсыңдар, мынау мүмкін емес десе халық та түсінеді ғой. Шабармандарын, прокуратураны жібермей бізге өздері келсін. Жағдайға қарай сөйлесеміз. Келмейінше, жұмысты жалғастырмаймыз, осылай талап етіп тұра береміз” дейді ол.

«Өзенмұнайгаз» өкілдері Ulysmedia.kz тілшісіне “қазіргі уақытта басшылық кәсіпорын жұмысшыларымен келіссөз жүргізіп жатыр” деп жауап берді

“Олар қойған әр талап мұқият қарастырылады. Барлық мәселе заң аясында, атап айтқанда ҚР Еңбек Кодексінің шеңберінде шешілуге тиіс” делінген компания жауабында.

5 ТҮРЛІ ТАЛАП

"Бұрғылау жұмыстары басқармасы" комнаиясының жұмысшылары басшылыққа бес түрлі талап қойып отыр:

- ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығынан айырылған мұнайшылардың балаларын тікелей штатқа алу;

- Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесін шешу;

- Ұжымдық шартта 2013 дейін болған дербес еңбекақы төлеу жүйесін қайтару;

- машинистер мен операторлардың дәрежесін көтеру;

- 30% қосымша жалақы тәртібін төлеуді ұжымдық шартқа енгізу.